Қытай мен АҚШ Парижде сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөнінде келіссөздер жүргізді

ПАРИЖ. KAZINFORM - Қытай мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық мәселелер бойынша маңызды келіссөздер Францияның Париж қаласында өтті. Бұл кездесуге Қытай тарапынан Мемлекеттік кеңестің вице-премьері Хэ Лифэн, ал АҚШ тарапынан Қаржы министрі Скотт Бессент пен Сауда өкілі Джеймисон Грир қатысты.

Фото: Синьхуа

Келіссөздер барысында тараптар екі ел басшылары бұрын қол жеткізген маңызды келісімдерге сүйене отырып, бірнеше негізгі бағыттарды талқылады. Атап айтқанда, тарифтік саясат, екіжақты сауда мен инвестицияны дамыту, сондай-ақ бұрынғы келіссөздердің нәтижелерін сақтау мәселелері қарастырылды. Талқылау ашық, мазмұнды және сындарлы өтті. Нәтижесінде тараптар бірқатар жаңа ортақ түсініктерге келіп, алдағы уақытта келіссөздерді жалғастыруға келісті. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады. 

Хэ Лифэннің айтуынша, екі ел басшылары қол жеткізген маңызды келісімдердің стратегиялық басшылығымен және өткен жылы өткізілген бес раунд сауда-экономикалық келіссөздердің нәтижесінде Қытай мен АҚШ сауда-экономикалық салада бірқатар маңызды уағдаластықтарға қол жеткізді.

Бұл екі елдің сауда-экономикалық қатынастарына және әлемдік экономикаға қосымша айқындық пен тұрақтылық әкелді.

Жуырда АҚШ-тың Жоғарғы соты «Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заң» негізінде енгізілген тарифтердің заңсыз екенін анықтады. Бұдан кейін АҚШ «1974 жылғы Сауда туралы заңның» 122-бабына сүйене отырып, барлық сауда серіктестеріне 10% көлемінде импорттық қосымша баж енгізді, сондай-ақ 301-бап бойынша тергеулер, компанияларға қарсы санкциялар, нарыққа кіруді шектеу сияқты Қытайға қатысты бірқатар теріс шараларды кезең-кезеңімен қабылдады.

- Қытай тарапы АҚШ-тың біржақты тарифтер енгізуіне әрдайым қарсы екенін білдіреді және АҚШ-ты мұндай шектеу шараларын толықтай жоюға шақырады. Сонымен қатар, Қытай өз заңды әрі әділ құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қажетті шараларды қабылдайтын болады. Қытай АҚШ тарапын өзара бағытта әрекет етуге, екі ел басшыларының маңызды келісімдерін бірлесіп жүзеге асыруға, ынтымақтастық тізімін кеңейтіп, проблемалар тізімін қысқартуға және Қытай-АҚШ сауда-экономикалық қатынастарының қалыпты, тұрақты әрі орнықты дамуын ілгерілетуге шақырады, - деді Қытай Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хэ Лифэн.

АҚШ тарапы тұрақты Қытай-АҚШ сауда-экономикалық қатынастары екі ел үшін де, бүкіл әлем үшін де аса маңызды екенін атап өтті. Бұл жаһандық экономикалық өсімді ынталандыруға, жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Тараптар келіспеушіліктерді келіссөздер арқылы шешіп, қайшылықтарды азайтып, олардың ушығуына жол бермеуі тиіс.

Тараптар сауда мен инвестицияны ілгерілетуге бағытталған ынтымақтастық тетігін зерделеуге, Қытай-АҚШ сауда-экономикалық келіссөздер механизмінің рөлін нығайтуға, диалог пен байланыстарды күшейтуге, келіспеушіліктерді тиімді басқаруға, практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың тұрақты әрі оң дамуын қамтамасыз етуге уағдаласты.

Айта кетелік Трамп Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қытайға сапарын кейінге қалдырды деп жазған едік.

 

Айгер Құрманжан