Қытай мен Нидерландының Nexperia компаниясына таласы: Жаһандық чип нарығындағы дағдарыс

Фото: sina.com

АСТАНА. KAZINFORM – Жаһандық чип өндірісі қызу бәсекеде тұрғанда, Қытай мен Нидерландының голландиялық Nexperia компаниясына бақылау жасауға тырысуы әлем назарын аударды. Бастапқыда компания ішіндегі басқару дағдарысынан шыққан бұл мәселе тез арада саяси шиеленіске айналып, чип жеткізу тізбегінің осалдығын көрсетті. Автокөлік және электроника саласында маңызды рөл атқаратын Nexperia-ның өндірісінің тоқтау қаупі жаһандық нарыққа үлкен сынақ болып тұр.

Оқиғаның себебі: Сатып алудан дағдарысқа дейін

Nexperia — штаб-пәтері Нидерландыда орналасқан, автокөлік, өнеркәсіп және электроникаға қажетті чиптер шығаратын ірі компания. Оның 12500-ден астам қызметкері Еуропа, Азия және АҚШ-та жұмыс істейді. Жылына 1100 миллиардтан астам чип шығарып, тиімділігімен әлемде мойындалған. Компанияның өнімдері, мысалы, диодтар мен транзисторлар көліктің қозғалтқышы мен қауіпсіздік жүйесіне қажет.

Nexperia алғашында Philips компаниясының бір бөлігі болды. 2019 жылы оны Қытайдың Wingtech Technology компаниясы сатып алды, кейбір үлесі Қытай мемлекеттік мекемесіне тиесілі. Бұл сатып алу сол кезде қалыпты мәміле болып көрінді, бірақ АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысы күшейген сайын Батыс елдері Қытайдың технология саласындағы ықпалына алаңдай бастады.

2022 жылы Ұлыбритания Nexperia-ны Уэльстегі зауыттың 86% үлесін сатуға мәжбүрледі, себебі ұлттық қауіпсіздікке қатер төнді деп есептеді. 2024 жылы АҚШ Wingtech-ті «қара тізімге» енгізіп, америкалық технологияларға қолжетімділігін шектеді.

Фото: sina.com

2025 жылы Nexperia ішінде басқару дағдарысы туындады: АҚШ компанияның қытайлық басшысы Чжан Сюэчжэнді ауыстыруды талап етті, ал Wingtech басқа басшыларды акцияларды өзгертуге тырысты деп айыптады. Нидерланд үкіметі технологиялардың Қытайға берілуінен қорықты.

Қыркүйектің 30-ы күні Нидерланд министрі Винсент Карреманс ескі заңды қолданып, Nexperia ісіне араласты. Бұл заң мемлекетке маңызды тауарлардың жеткізілімін қамтамасыз ету үшін компанияны бақылауға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттендіру емес, бірақ үкіметке активтерді ауыстыру немесе басшы тағайындау сияқты шешімдерді тоқтату құқығын береді. Нидерланд бұл қадамды Еуропаның чип жеткізілімін қорғау үшін жасады.

Оқиғаның салдары: Қытайдың жауабы және келіссөздер

Нидерландының әрекеті үлкен дау тудырды. Қытайдың жартылай өткізгіштер қауымдастығы қазанның 14-і күні мұны «әділетсіз» деп атап, «жаһандық сауданы бұзады» деп сынады. Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Линь Цзянь Батыстың «ұлттық қауіпсіздікті сылтау етіп, бейтарап емес әрекеттерін» сынға алды.

Фото: xinhua

Қазанның 4-і күні Қытай Nexperia-ның қытайлық бөлімшесінің кейбір чиптерін (негізінен оралған чиптерді) экспорттауға тыйым салып, оны «ұлттық қауіпсіздік» үшін жасалды деп мәлімдеді. Бұл Nexperia-ның Азиядағы жеткізу тізбегін тоқтатып, жаһандық өндіріске кедергі келтірді.

Wingtech өндіріс тоқтамағанын айтты, бірақ бақылау шектелгенін мойындады және заңды жолдармен мәселені шешуге тырысып жатыр. Компания басшысы Чжан Сюэчжэннің міндеті сот арқылы тоқтатылды. Nexperia өндіріс жалғасуда десе де, Stellantis, Renault және Volkswagen сияқты автокөлік компаниялары бірнеше аптадан кейін чип жеткізуде мәселе туындайды деп алаңдайды. Wingtech акциялары Шанхайда 10% төмендеді. Қазанның 17-сі күні Нидерланд министрі Қытаймен келіссөз жүргізетінін жариялады, бірақ АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс келіссөздерді қиындатып отыр.

Қазанның 19-ы күні Nexperia-ның қытайлық бөлімшесі WeChat арқылы қызметкерлерге хат жариялады. Онда компанияның Қытайда тіркелген, заңды және тәуелсіз екені, тек қытайлық заңдарға бағынатыны айтылды. Қызметкерлер тек компания басшысының нұсқауларын орындауы керек, ал басқа сыртқы нұсқауларды (мысалы, Outlook немесе Teams арқылы келгендерді) елемеуге болады. Компания өндіріс пен жалақының қалыпты екенін, ешкімнің мүддесіне зиян келмейтінін мәлімдеді.

Қазір дау жалғасып жатыр: Нидерланд сотқа шағымдана алады, Wingtech заңды жол іздейді, ал Қытайдың экспорт тыйымы шығын келтіріп отыр. Nexperia-ның Гамбург зауыты (жылына 10 миллион кремний пластина шығарады) жұмыс істеп тұр, бірақ орау Қытайға тәуелді болғандықтан, дайын өнімдержі жөнелту кешеуілдеп тұр.

Фото: sina.com

Nexperia-ның өндірісі: Чиптер қалай жасалады?

Nexperia Нидерландының Неймеген қаласында орналасқан. Автокөліктер мен өнеркәсіптік жабдықтарға қажетті кішкентай, бірақ маңызды бөлшектер — диодтар мен MOSFET-терді өндіреді. Өндіріс екі қарапайым кезеңге бөлінеді:

  •  Чиптің негізін жасау: Еуропадағы (Гамбург және Манчестер) зауыттарда кремнийді жұқа пластина етіп кеседі, оған арнайы жабдықпен электр тізбектерін «сызады», химиялық заттар қосып, олардың ток өткізу қасиетін реттейді. Соңында тексерістен өтеді. Гамбург зауыты жылына 10 миллион пластина шығарады.
  •  Чипті орау: Дайын пластина кішкентай чиптерге бөлінеді де, Қытай, Малайзия немесе Филиппиндегі зауыттарға жіберіледі. Мұнда чиптер пластик қаптамаға салынып, қосқыштар орнатылады, жоғары температураға төтеп беретіндей етіледі және соңғы тексеруден кейін жеткізіледі.

Бұл процестің тиімділігі жоғары, бірақ Еуропада негізгі элементі жасалып, Азияда орау жүргізілетіндіктен, Қытайдың тыйымы «орау кезеңін» тоқтатып, дайын өнімдердің жеткізілімін баяулатты.

Фото: sina.com

Жаһандық чип нарығына әсері: Автокөлік саласы қысымда

Nexperia-ның чиптері кішкентай болғанымен, автокөліктердің қозғалтқыштары мен қауіпсіздік жүйелері үшін өте маңызды. Оларды басқа чиптермен алмастыру ұзақ уақыт алады. Бұл даудың салдары:

Қысқа мерзімді мәселе: Қытайдың орауға тыйым салуы чиптерді дайындауды тоқтатты, Еуропадағы зауыттарда жартылай өнімдер жиналып жатыр. Жеткізу 10-20% кешігуде. Volkswagen, Renault сияқты компаниялар қорлары таусылса, бірнеше аптада көлік шығаруды тоқтатуы мүмкін.

Ұзақ мерзімді қауіп: Бұл оқиға елдерді өз чиптерін шығаруға итермелейді. Еуропа 500 миллиард еуро жұмсап, зауыттар салып жатыр, АҚШ технология экспортын шектемек. Бірақ Қытай сирек кездесетін материалдар мен орауды бақылайды, сондықтан олар жауап ретінде чип бағасын 5-10% қымбаттатуы мүмкін.

Нарықтың бөлінуі: Чип жеткізу тізбегі бөлшектеніп жатыр. Автокөлік компаниялары Вьетнам немесе Үндістан сияқты басқа елдерден чип іздейді, бірақ жаңа чиптерді тексеру ұзақ уақыт алады, бұл электрокөліктердің бағасын өсіреді. 2025 жылы чип нарығы (600 миллиард доллардан астам) тұрақсыз болады, ал Оңтүстік-Шығыс Азия елдері пайда көруі мүмкін.

Бұл оқиға чип нарығының қаншалықты нәзік екенін еске салады. Қытай мен Нидерланд келіссөздер жүргізіп жатыр, бірақ автокөлік және электроника саласына түскен қысым әзірге басылмайды.

Айта кетейік, бұған дейін Қытай ғалымдары әлемдегі алғашқы 6G-чипті таныстырды.