Қытай мен Ресейдің борттық журналдары Қазақстан Президентінің тұлпары жөнінде жазды

АСТАНА. KAZINFORM – Шетелдік борттық басылымдарда Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі ақылтеке жылқысы жайлы мақала жарияланды.

Фото: БОРТ1

Ресейлік «Россия» әуе компаниясы журналының биылғы мамыр айындағы санында «Ұлы даланың аспани жылқысы» («Небесный конь Великой степи») деген материал жарық көрді. Ол бұған дейін Қазақстан Президентіне сыйланған ақылтеке тұқымды сәйгүлікке арналған. Шандозға Мемлекет басшысының өзі Ақжан деп ат қойған болатын.

Аузымен құс тістеген жүйрік туралы осындай мақала Қытайдың «Wings of China» борттық журналында да жарияланды.

Фото: Kazinform

Соңғы жылдарда шетелдік басылымдардың журналистері Қазақстанның символдары жөнінде жиі жазып жүр. Ондай мақалалардың борттық журналдарда пайда болуы – Қазақстанның жемісті мәдени дипломатиясының көрінісі. Себебі, әуе рейсі кезінде көптеген шетелдік бизнесмен және туристер әлгіндей БАҚ арқылы Қазақстан жөнінде мәлімет алады.

Шартарапқа аты шығып үлгерген сәйгүлік Ақжанның бейнесі шетелдерде ғана емес, сонымен бірге, Қазақстанды әуе тасымалының жаһандық нарығына таныстыратын басылымдар үшін де сұранысқа ие. Мәселен, ол туралы мақала Air Astana компаниясының Tengri журналында да басылды. Оның таралымына мән берсек, негізгі халықаралық маршруттарда ұшатын жолаушылар қазақстандық жүйрік жөнінде мағлұмат алады.

Осындай жарияланымдардың бас кейіпкері Ақжан – таза қанды ақылтеке тұқымды жылқы. Мақалалардың авторлары ақылды тұлпар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сүйікті жануары екенін жазады. Сонымен бірге, оның Қанатлы және Табыс деген таза қанды ақылтеке тұқымды айғыр мен биеден туғанын сүйсіне суреттейді. Одан бөлек, аты қазақ тілінен аударғанда, «Жаны таза» деген мағына беретінін жеткізеді.

Фото: Kazinform

Шетелдік журналистер, әсіресе, Ақжанның ақсары реңкіне тамсанады. Әлемде ақылтеке жылқыларының тек 3%-ы ғана сондай түсті болады екен.

– Оның терісі айрықша оптикалық қасиетке ие. Өте жіңішке қылдары жарыққа шағылысып, жылтырап-жарқырап, ғажайып реңге енеді, – делінген жарияланымда.

Сонымен қатар, авторлар дала мәдениетінде ақсары тұлпар әрдайым жақсы ырым және сәттілік пен өркендеудің символы ретінде бағаланатынын атап өткен.

Айта кетейік, бұған дейін Президент сыйға тартылған тұлпарларды арнайы барып көргенін жазғанбыз.