Қазақстандық дипломаттар осы жағдайға байланысты екі елдің мемлекеттік органдарымен жұмыс жүргізіп жатыр.
– Непал мен Қытай шекарасындағы табиғи апат аймағында болуы мүмкін Қазақстанның үшінші азаматшасы туралы ақпарат келіп түсті. Қазақстандық дипломаттар екі елдің мемлекеттік органдарымен жұмысты әрі қарай жүргізіп жатыр, отандастарымызды іздестіру жалғасып жатыр, - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов.
Бұған дейін Қытай-Непал шекарасында екі қазақстандық турист іздестіріліп жатқанын жазған едік.
Айта кетейік, 26 тамызда Қытай мен Непал шекарасындағы Гималай тауларында болған жойқын табиғи апат екі ел аумағын қамтып, жүздеген адамның өмірін қиды. Непалдың солтүстігіндегі елді мекендер мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы Жилун шекаралық өткізу бекеті тасқын мен лай көшкінінен қатты зардап шекті.
Соңғы ақпаратқа сәйкес, Непалдың Табиғи апаттар қаупін азайту және басқару жөніндегі ұлттық басқармасының мәліметінше, қаза тапқандар саны 579 адамға жетіп, із-түзсіз жоғалғандар қатары 2 мыңға жуықтады.
Непалдың Расува, Нувакот және Дхадинг аудандарында болған жойқын су тасқынынан кейін кемінде 17 мың бала шұғыл көмекке мұқтаж. Бұл туралы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдері мәлімдеді.