Қытай Норвегия үшін визасыз режим енгізеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай билігі Норвегияға визасыз режим енгізбек. Бұл туралы Норвегия үкіметінің сайтында айтылған.
Бейжіңдегі Қытай-Норвегия келіссөздерінде Қытай төрағасы Си Цзиньпин норвегиялықтарға Қытайға 15 күнге дейін кіру үшін енді виза алудың қажеті болмайтынын мәлімдеді.
«Бұл норвегиялық бизнес, студенттер және басқа тұлғалардың Қытайға баруын айтарлықтай жеңілдетеді. Бұл сондай-ақ одан әрі ынтымақтастықтың негізін қалайды», - деп келтірді үкімет сайты Норвегияның премьер-министрі Йонас Гар Стеренің сөзін.
Еске сала кетсек, биыл наурыз айынан бастап Қытай Швейцария, Ирландия, Венгрия, Аустрия, Бельгия және Люксембургке визасыз режимді сынақтан өткізген болатын. Бұған дейін Қытай билігі 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап ЕО-ға мүше бес мемлекет: Испания, Италия, Нидерланд, Франция және Германия азаматтары үшін біржақты визасыз режим енгізген болатын.
Бұған дейін Қытай шетелдіктерге Гонконг пен Макао арқылы туристік топтардың құрамында Хайнань провинциясына 144 сағаттық визасыз режиммен кіруге рұқсат бергені туралы хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ Қытайдың алғашқы электронды визасы Шанхайда шығарылған.