Қытай өнері мен мәдениетіне ерекше назар аударылды - министрлік
АСТАНА. KAZINFORM – Алғашқы жартыжылдық Қазақстанның музей саласы үшін ерекше белсенді кезең болды. Еліміздегі музейлер осы уақыт аралығында 800-ден астам түрлі форматтағы іс-шара өткізіп, халықаралық мәдени кеңістікпен ықпалдастықты нығайтты, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Қазіргі таңда Қазақстанда 270-тен астам музей жұмыс істейді. Олар тарихи-мәдени мұраны сақтау және жұртшылыққа насихаттау міндетін атқарады. 2025 жылдың алғашқы алты айында музейлерде 817 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде:
- 28 халықаралық жоба,
- 154 республикалық деңгейдегі іс-шара,
- 45 білім беру семинары қамтылды.
Музейлер кәсіби біліктілікті арттыру, жаңа аудиторияны тарту, мәдени білім мен зерттеу орталығы ретінде түрлі конференциялар, дөңгелек үстелдер, шеберлік сабақтары мен дәрістер өткізетін алаңға айналып отыр.
Саладағы маңызды жаңалықтардың бірі – ҚР Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен ҚР Орталық мемлекеттік музейіне «Ұлттық музей» мәртебесінің берілуі болды.
Бұған қоса, Астанада өткен Қазақстан музейлерінің ІІІ Конгресі мәдени мұраны сақтау, қалпына келтіру және цифрландыру мәселелеріне арналған кәсіби пікірталас алаңына айналды.
Қазақстандық музейлер халықаралық бастамаларға белсенді қатысып келеді. Мәселен:
- Ә.Қастеев музейінде «Тұран таулары» атты халықаралық көрме-симпозиум өтті;
- ҚР Ұлттық музейі «Ұлттық құндылықтар: салттың сырлы бейнесі» атты республикалық байқау ұйымдастырды;
- «Қазақстан – Ресей» халықаралық дөңгелек үстелі гуманитарлық байланысты нығайтты;
- ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлесіп Алматыда «Ұлы Даланың ұлттық дәстүрлері» атты ІІІ халықаралық ғылыми форум өткізілді.
2025 жылы Қытай өнері мен мәдениетіне ерекше назар аударылды. ҚР Ұлттық музейінде «Қытай өнерінің ой-мақсаттары» атты көрме және «Жібек және Жібек жолы: Қытайдан Қазақстанға» жобасы өтті.
Мәдениет саласындағы тағы бір маңызды оқиға – Бейжің қаласындағы Қазақстанның Мәдениет орталығының ашылуы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында жүзеге асқан бұл жоба – еліміздің шетелдегі алғашқы ресми мәдени өкілдігі.
Жаңа орталықта кітапхана, көрме және конференц-залдар, сондай-ақ шығармашылық және тіл үйрену үйірмелері қарастырылған. Мұнда Қытай аудиториясына арналған көрмелер, концерттер, фестивальдер мен дәрістер ұйымдастыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Астанада Қытайдың Мәдениет орталығын ашу мәселесін де қарастырып жатыр.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығы Қазақстан мәдениетінің ішкі және халықаралық деңгейде қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті. Музей саласындағы бастамалар мәдени дипломатияны нығайтып, елдің халықаралық беделін арттыруға үлес қосуда.
Айта кетейік, Алматыда Орталық музейге кіру құны өзгерді.