Қытай, Ресей, Қатар: СҚО-да шетелдік инвесторлар қандай жоба бастады

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірде іске асырылып жатқан ірі шетелдік жобалар туралы айтып берді.

Оның айтуынша, бүгінде СҚО-да бірқатар ірі компания жұмыс істеп жатыр:
- Қатарлық «Ультрадекор» компаниясы ДСП және ЛДСП плиталарын өндіретін зауыттың құрылысын бастады. Инвестиция көлемі 90 млрд теңгеден асады. Жоба өңірдегі ағаш өңдеу және жиһаз кластерін дамытудың жаңа драйверіне айналады.

- Ресейлік «Бейкертон» кондитерлік өнімдер өндірісін іске қосып жатыр. Оған 37,3 млрд теңге инвестиция салынған және 380 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған.
- Қытайлық «QILU Agro» тракторлар, тіркемелі және аспалы ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр.
- Ресейлік «Уралкран» компаниясы жылына 100 данаға дейін крандар мен жүк көтергіш жабдықтар шығаратын зауыт салып жатыр, бұл жергілікті нарық қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, облыс әкімі отандық компаниялар да назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Жергілікті инвесторлар да өңірде жобаларды белсенді іске асырып, облыс экономикасына елеулі үлес қосып отыр.

— Өңірдегі инвестиция тартудың негізгі орталығы – «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы. Бүгінгі таңда 22 қатысушы тіркелген, жалпы инвестициялар көлемі 317 млрд теңгеден асады, онда шамамен 4 мың тұрақты жұмыс орны құрылады, – деді Ғ. Нұрмұхамбетов.

Олардың ішінде 28,4 млрд теңгеге бес жоба іске қосылып, шамамен 700 жұмыс орны ашылды. Тағы 17 жоба іске асырылу кезеңінде тұр. Қатысушылар қатарында Түркия, Италия, Қытай, Германия, Қатар, Ресей және Қазақстан инвесторлары бар.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысы 900 млрд теңгеге жуық инвестиция тартты.

Сондай-ақ, СҚО шаруалары ел бойынша сүттің 70% өндіре алады.