Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, қолдау көрсетілетін сегіз қаржы компаниясының қатарында екі мемлекеттік коммерциялық банк, екі саясаттық қаржы институты және төрт мемлекеттік коммерциялық сақтандыру компаниясы бар.
Жалпы соманың 300 млрд юані Қытай Қаржы министрлігі шығарған арнайы мемлекеттік облигациялар есебінен, ал 60 млрд юані Қытай ұлттық темекі корпорациясы мен оған қарасты еншілес компаниялар есебінен қаржыландырылады.
Оның ішінде Қытайдың Өнеркәсіптік-коммерциялық банкі мен Қытайдың Ауыл шаруашылығы банкі Қаржы министрлігіне, Қытай ұлттық темекі корпорациясына және оның еншілес компанияларына мақсатты түрде А санатындағы акциялар шығарып, тиісінше 100 млрд және 160 млрд юаньнан аспайтын қаражат тартуды жоспарлап отыр. Қытайдың Экспорт-импорт банкіне және Қытайдың Экспорттық кредиттерді сақтандыру корпорациясына Қаржы министрлігі тиісінше 30 млрд және 10 млрд юань көлемінде тікелей капитал бөледі.
Қытайдың Халық сақтандыру компаниясы (PICC) Қаржы министрлігіне А санатындағы акциялар шығару арқылы 15 млрд юань тартуды жоспарлап отыр. Ал Қытай Өмір сақтандыру тобы мен Қытай Тайпин сақтандыру компаниясына тиісінше 35 млрд және 7 млрд юань көлемінде тікелей капитал құйылады. Қытай қайта сақтандыру компаниясы Қаржы министрлігінің ішкі нарықтағы акцияларды қолма-қол қаражатқа сатып алуы арқылы 3 млрд юань тартуды жоспарлап отыр.
Қытай Қаржы министрлігі былтыр да «орталық қаржы институттарын капиталдандыруға арналған арнайы мемлекеттік облигациялар» арқылы елдегі төрт ірі мемлекеттік банкке 500 млрд юань құйған еді. Ал бұл жолы қаржылық қолдау көрсетілетін қаржы институттарының қатары кеңейіп отыр.
Қытай Қаржы министрлігінің мәліметінше, аталған сегіз компанияның қызметі орнықты, активтерінің сапасы қанағаттанарлық, негізгі реттеушілік көрсеткіштері де тұрақты.
Сингапурлық Lianhe Zaobao басылымының талдауынша, қазіргі таңда Қытайдың қаржы институттарында капитал қоры айтарлықтай жеткілікті, ал Бейжіңнің бұл жолғы капиталды толықтыру жоспары банктерге кәсіпорындар мен үй шаруашылықтарын несиелеуді кеңейтуге мүмкіндік беруді көздейді.
Басылымның жазуынша, үкімет шығындарын арттыру немесе ақша-несие саясатын жұмсарту шараларына арқа сүйеудің орнына, Бейжің өзінің қаржы жүйесіне ықпал ету мүмкіндігін пайдаланып, қаражатты кәсіпорындарға, үй шаруашылықтарына және экономиканың басқа салаларына жеткізетін қаржы институттарының баланстарын нығайтуды көздейді.
Хуаян бағалы қағаздар компаниясының сарапшысы Ляо Чжиминнің айтуынша, ірі мемлекеттік қаржы институттарының капиталын толықтыру — соңғы екі жылда жоспарланған шаралардың қатарына жатады. Оның негізгі мақсаты — «банктердің реттеушілік талаптарды орындауға және нақты экономиканы қолдауға жеткілікті мүмкіндігі болуын қамтамасыз ету».
Басылымның жазуынша, Қытай банктерінің таза пайыздық маржасы тарихи ең төмен деңгейге дейін төмендеді. Бұл банктердің табыстылығы біртіндеп әлсіреп келе жатқанын көрсетеді. Осындай жағдайда мемлекеттік капиталдың толықтырылуы банктерге үкіметтің негізгі саяси басымдықтарын қаржыландыруды жалғастырып, стратегиялық салаларға, инфрақұрылымға және жеке кәсіпорындарға несие беру мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасайды.
Сонымен қатар сақтандыру компанияларына капитал құю олардың төлем қабілетін арттырып, қаражаттың нақты экономикаға инвестициялау мүмкіндігін кеңейтеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл сақтандыру компанияларының қаражатын қор нарығына бағыттауға, сол арқылы капитал нарығына қолдау көрсетуге тиімді.
Бұған дейін АҚШ пен Қытайдың қыркүйек айының ортасында жасанды интеллект қауіпсіздігіне арналған алғашқы ресми келіссөздерді өткізуді жоспарлап отырғанын жазған едік.