Қытай «Шэньчжоу-23» ғарыш кемесін ұшырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда жексенбі күні жергілікті уақытпен сағат 23:08–де (Астана уақытымен 20:08) Цзюцюань ғарыш айлағынан «Шэньчжоу-23» пилотталған ғарыш кемесі бар зымыран-тасығыш сәтті ұшырылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі оқиға орнынан.

Фото: Берік Табынбаев / Kazinform

Миссияны басқару борт инженері Чжу Янчжуге жүктелді. Топ құрамына сондай-ақ ұшқыш Чжан Чжиюань және пайдалы жүк жөніндегі маман Ли Цзиян енді.

Ли Цзиян Қытайдың арнайы әкімшілік ауданы Сянганнан шыққан алғашқы ғарышкер әрі ұлттық ғарыш миссиясына қатысқан алғашқы әйел болды. Ғарышкерлер қатарына қабылданғанға дейін ол полиция қызметінде жұмыс істеген.

Фото: Берік Табынбаев / Kazinform /

«Шэньчжоу-23» миссиясы барысында экипаж ғарыш биологиясы, материалтану, микрогравитация, аэроғарыш медицинасы және жаңа технологиялар салаларында 100-ден астам ғылыми және қолданбалы жобаны жүзеге асырады.

Ғарышкерлер ғарыштағы эмбриондық дамуды зерттеу үшін данио-рерио балығының эмбриондарына, тышқандарға және бағаналы жасушалар негізіндегі «жасанды эмбриондарға» тәжірибелер жүргізеді. Сондай-ақ жаңа сирекжер магниттері мен жеңіл жоғары энтропиялық қорытпалар жасау жоспарланып отыр.

Қытай ғарышкерлерінің бірінің бір жылдық миссиясы адамның орбитада ұзақ уақыт болуға бейімделуін зерттеуге бағытталған. Экипаж жаңа ғарыш аккумулятор батареясын сынақтан өткізіп, ашық ғарышқа шығып, сыртқы жабдықтармен операциялар жүргізеді.

Бұған дейін Қазақстан мен Қытай ғарышкерлердің бірлескен ұшулары саласындағы ынтымақтастықты талқылауы мүмкін екені хабарланған болатын.