Қытай шетелдік туристер үшін tax free жүйесін жеңілдетеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай билігі шетелдік туристерге арналған tax free (елден шығар кездегі ҚҚС қайтару) жүйесін одан әрі жеңілдету туралы шешім қабылдады, деп хабарлады Lianhe Zaobao.

Фото: Lianhe Zaobao

Елдің Сауда министрлігі, Қаржы министрлігі және Мемлекеттік салық басқармасы бірлесіп жариялаған жаңа құжатқа сәйкес, шетел азаматтары үшін қайтарым рәсімі ыңғайлы әрі жылдам болмақ.

Жаңа ережелерге сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қытайда «сатып алған сәтте қайтару» («即买即退») жүйесі бойынша рәсімделген тауарларды елден шығару мерзімі барлық өңірде бірыңғай 28 күн болып белгіленеді. Бұған дейін әр аймақта талап әртүрлі болған.

Сонымен қатар, Қытай билігі өңіраралық өзара тану жүйесін енгізбек. Бұл шетелдік туристерге бір қалада тауар сатып алып, басқа әуежай немесе шекара бекеті арқылы елден шыққанда да tax free рәсімін аяқтауға мүмкіндік береді.

Құжатта көрсетілгендей, 2026 жылдан бастап tax free рәсімі толықтай цифрландырылып, қағазсыз форматқа көшіріледі. Кеден органдары мен операторлар чек пен құжаттарды онлайн түрде растауға мүмкіндік алады.

Сонымен бірге бақылау шаралары да сақталады. Қайтарылатын сома 10 мың юаньнан төмен болған жағдайда кеден тауарларды іріктеу тәртібімен тексереді. Ал 10 мың юаньнан жоғары сомалар бойынша барлық тауар міндетті түрде тексеріледі.

Қытай билігі бұл өзгерістердің басты мақсаты — елге келетін шетелдік туристердің сауда жасауын ынталандыру екенін атап өтті. Соңғы жылдары Бейжің туристік тұтынуды арттыру мақсатында визалық режимді жеңілдету, шетелдік карталар мен төлем жүйелерін кеңейту, сондай-ақ tax free рәсімдерін оңайлату бағытында бірқатар шара қабылдап келеді.

Еске сала кетейік, Қытайда шетелдік туристер бір күнде бір дүкеннен кемінде 200 юань көлемінде сауда жасаса, tax free рәсімдеуге құқылы. Ал қолма-қол қайтарым лимиті 20 мың юаньға дейін ұлғайтылған.

Бұған дейін Қытайдың 2026 жылғы сәуір айында сыртқы сауда айналымы 14,2%-ға өскені туралы жазғанбыз.