Қытай СІМ: АҚШ-тың өктемдігіне жол бере алмаймыз

Фото: Фото: mfa.gov.cn

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Қытайға қарсы 104% көлемінде баж салығын қолданысқа енгізуіне байланысты Қытай Сыртқы істер министрлігі ресми Бейжіңнің өз мүддесін қорғау үшін батыл әрі пәрменді шаралар қолдануды жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады. 

АҚШ президенті Дональд Трамптың «өзара тарифтер» енгізу туралы шешімі 9 сәуір күні түсте ресми түрде күшіне енді. Соған сәйкес Қытайдан жеткізілетін тауарларға қосымша 104% баж салығы салынады.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзян бүгінгі брифингіде Қытай халқының даму жолындағы заңды құқықтарын табанға таптауға, Қытайдың егемендік, қауіпсіздік және даму мүдделеріне қол сұғуға жол берілмейтінін атап өтті. 

Линь Цзян АҚШ-тың Қытайға салынатын баж салығын өктемдікпен көтеріп, шектен тыс қысым жасауға бел буып отырғанын сынға алды. Оның айтуынша, мұндай өктемдік пен әлімжеттікке Қытай үзілді-кесілді қарсы тұрады және жол бермейді.

Сондай-ақ оның пікірінше, АҚШ сауда жанжалдарын шынымен диалог және келіссөз арқылы шешкісі келсе, теңқұқылық, өзара құрмет және өзара тиімділік қағидаттарын ұстануға тиіс.

– Егер АҚШ екі ел мен халықаралық қауымдастықтың мүддесіне пысқырып қарамай, тарифтік қақтығыс пен сауда соғысын жалғастыруға ниет етсе, Қытай қалайда соңына дейін табандылық көрсетеді, - деді ол. 

АҚШ-тың «өзара тарифтер» саясаты бойынша соңғы баж салықтары күшіне енгеннен кейін, Қытай тарапы қазірше қарсы шаралар қолданатынын мәлімдеген жоқ. Дегенмен, Қытай Мемлекеттік кеңесінің ақпарат кеңсесі сәрсенбі күні түстен кейін «Қытай-АҚШ сауда қатынастары туралы Қытай тарапының ұстанымы» атты Ақ кітап жариялады. Құжатта сауда соғысында еш елдің жеңіске жетпейтіні, Қытай мен АҚШ арасында саудаға байланысты келіспеушілік пен шиеленістердің болуы қалыпты құбылыс екені атап өтіліп, мәселені келіссөз арқылы лайықты шешу қажеттігі баса айтылған.

Бұған дейін Қытай АҚШ тарифтеріне байланысты ДСҰ көлемінде тексеру жүргізілуіне бастама көтергенін жазған едік.