Синьхуа агенттігінің жазуынша, 7 қаңтар күні өткен брифингте журналистердің бірі «Қазақстан Президенті Тоқаев жақында берген сұқбатында «Қытай үшін Қазақстан – аса маңызды стратегиялық серіктес. Қарқынды әрі жан-жақты дамып келе жатқан қазақ-қытай ынтымақтастығы, шын мәнінде, мәңгі стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту қазақ дипломатиясындағы маңызды міндеттің бірі болып қала береді. 2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасында өзара визасыз режим орнатылды. Жаңа бастама алыс-берісті дамытуға және екі халықтың достығын нығайтуға оң әсерін тигізіп жатыр. Қазақстан азаматтары Қытайды жаңа қырынан танып, оның технологиялық тұрғыдан алып мемлекетке айналғанына көз жеткізе бастады. Қытай жұрты да біздің отандастарымызға достық пейіл танытып отыр1 деп атап көрсетті. Сіз бұған не айтасыз?» деп сұраған.
Бұған жауап ретінде Го Цзякун Қытай мен Қазақстанның жақын көрші, жақсы дос және сенімді әріптестер екенін атап өтті.
- Президент Тоқаев атап өткендей, Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығы жан-жақты және қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары Төраға Си Цзиньпин мен Президент Тоқаевтың стратегиялық жетекшілігі және тікелей қамқорлығының арқасында Қытай мен Қазақстанның түрлі саладағы ынтымақтастығы дамудың даңғыл жолына түсті, - деді ресми өкіл.
Го Цзякунның айтуынша, 2024 жыл қытай-қазақ қарым-қатынасының тарихындағы тағы бір «берекелі жыл» болды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен барып, Президент Тоқаевпен екі елдің қарым-қатынасына байланысты маңызды уағдаластыққа қол жеткізді. Ресми өкілдің пікірінше, Бұл екіжақты ынтымақтастыққа қуатты серпін берді.
- Екі ел арасында түрлі деңгейдегі делегацияларының сапарлары жиілеп, сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды өсіп келеді, өндірістік қуат, өзара байланыс, ауыл шаруашылығы және жаңа энергия көздері секілді салалардағы ынтымақтастық алға жылжи түсті. Гуманитарлық саладағы ынтымақтастық жаңа жетістіктерге қол жеткізіп, халықтар арасындағы барыс-келіс рекордтық деңгейге жетті, - деп атап өтті Го Цзякун.
Айта кетейік, Президент Қытай Халық Республикасының төрағасына көңіл айтты.