Қытай СІМ Си Цзиньпин, Путин және Трамптың 19 қарашада кездесетінін растады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР Сыртқы істер министрлігі дүйсенбі күні АТЭС саммиті аясында Қытай, Ресей және АҚШ басшыларының үшжақты кездесу өткізетінін растады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

– 19 қарашада ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Шэньчжэнь қаласында Ресей президенті Владимир Путин және АҚШ президенті Дональд Трамппен үшжақты кездесу өткізеді, – делінген Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми хабарламасында.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин өткен жұмада журналистерге арналған брифингіде Қытай тарапы үшжақты кездесуге дайындық мәселесі бойынша тиісті тараптармен байланыс орнатып отырғанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, Қытай биыл 12 жылда алғаш рет АТЭС саммитін қабылдап отыр. Форумға төрағалық ету кезеңінде Қытай тарапы 300-ден астам түрлі жиын мен іс-шара ұйымдастырды.

– Біз форумға қатысушы тараптар ортақ ұстанымды нығайтып, Шэньчжэнь декларациясын қабылдап, сауда, өзара байланыс, цифрлық экономика және жасанды интеллект сияқты маңызды салаларда нақты нәтижелерге қол жеткізеді деп үміттенеміз. Бұл Азия-Тынық мұхиты аймағы мен бүкіл әлемнің өркендеуі мен өсіміне қуатты серпін береді, – деді ол.

Бұған дейін Путин, Си Цзиньпин және Трамптың үшжақты кездесуі 19 қарашада Қытайда өтетіні хабарланған болатын.