Қытай интернет технологияларын сынауға арналған жаңа спутник ұшырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай 31 мамыр күні спутниктік интернет технологияларын сынауға және дамытуға арналған жаңа тәжірибелік спутникті орбитаға сәтті шығарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Синьхуаға сілтеме жасап.

Фото: freepik.com

Спутник Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясында орналасқан Сичан ғарыш айлағынан Бейжің уақытымен сағат 02:07-де ұшырылды.

Тасымалдаушы зымыран ретінде «Чанчжэн-2D» қолданылды.

Спутиник белгіленген орбитаға сәтті жеткізілді.

Ол негізінен жаңа технологияларды сынақтан өткізу және олардың тиімділігін тексеру үшін пайдаланылады.

Атап айтқанда, жоба ұялы телефондарды жерсерікпен тікелей кең жолақты байланысқа қосу мүмкіндігін зерттеуге бағытталған.

Сонымен қатар жерүсті және ғарыштық байланыс желілерін біріктіру технологиялары да сыналады.

Бұл «Чанчжэн» зымырандар сериясының 646-шы ұшырылымы болды.

Бұған дейін Қытай 2026 жылы ауқымды ғарыштық бағдарламаны жүзеге асыратыны туралы жаздық.