Қытай стратегиялық пайдалы қазбалар контрабандасымен күресті күшейтеді

Фото: BJP7images / Shutterstock

АСТАНА. KAZINFORM — Сенбі күні Қытай билігі стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалардың контрабандасына қарсы күрес науқанын одан әрі күшейтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа.

Бұл туралы Оңтүстік Қытайдағы Гуанси-Чжуан автономиялық ауданының әкімшілік орталығы Наньнин қаласында өткен жиналыста айтылды. Жиынды экспорттық бақылау саласындағы ұлттық үйлестіру механизмі кеңсесі ұйымдастырды. Оған ҚХР Сауда министрлігі, Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі, Бас кеден басқармасы және басқа да мекемелердің өкілдері қатысты.

Жиында бұл науқан басталған күннен бастап «нөлдік төзімділік» қағидатын басшылыққа алып, стратегиялық маңызды пайдалы қазбалардың контрабандасына қарсы ауыр соққы беріп жатқаны айтылды. Салаға жауапты мекемелер заңсыз экспорт деректерін тексерді.

Алайда, жиынға қатысушылар стратегиялық пайдалы қазбалардың заңсыз экспортымен күрестегі жағдайдың әлі де күрделі екенін атап өтті, өйткені мұндай жағдайлар әлі де тіркелуде және оларды анықтау барған сайын қиындап барады. Осыған байланысты тиісті органдарға қатаң тексерулерді сақтап, стратегиялық ресурстар мен оларға қатысты технологиялардың заңсыз сыртқа шығуына жол бермеу тапсырылды.

Кампанияны жалғастыра отырып, тиісті мекемелер қосарлы мақсаттағы тауарларды экспорттық бақылауға қатысты құқық қорғау органдарының бірлескен үйлестіру орталығын құру мәселесін қарастыруы тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік экспорттық бақылау шараларынан жалтарған шетелдік тұтынушыларды экспорттық реттеу тізіміне енгізу ұсынылды.

Сондай-ақ, экспортпен айналысатын кәсіпорындарға кешенді тексерулерді дұрыс жүргізу қажеттілігі туралы нұсқау беру және олардың өнімдерінің әскери мақсатта немесе әскери тұтынушыларға заңсыз пайдаланылуына жол бермеу туралы ескерту маңызды екені атап өтілді.

Бұған дейін «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы Қытай инвестициялары рекордтық деңгейге жеткені белгілі болды. Ал Қазақстан — Қытай инвестицияларын ең көп тартқан ел атанды.