Қытай су тасқынына қарсы күреске 100 млрд юань көлемінде қосымша қаржы бөлді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Халық банкі табиғи апаттардың салдарын жою үшін қайта қаржыландыру квотасын 100 млрд юаньға арттырды, деп хабарлайды Синьхуа.
Қытайдың Халық банкі (ҚХБ) ауыл шаруашылығы мен шағын бизнеске арналған қайта қаржыландыру квотасын 100 млрд юаньға (шамамен 14,01 млрд АҚШ доллары) дейін көбейтті.
ҚХБ сейсенбі күні хабарлағандай, осындай шешім табиғи апаттардан кейінгі су тасқынына қарсы іс-шаралар мен қалпына келтіру жұмыстарын қолдауға бағытталған.
Бұл шара қаржы ұйымдарын шаруашылық жүргізуші субъектілерге, әсіресе микро және шағын кәсіпорындарға, жеке кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласындағы кәсіпорындар мен фермерлерге несие беру қолдауын күшейтуге ынталандыру мақсатында қабылданды.
Аталған көмек табиғи апаттардан зардап шеккен аймақтарды, соның ішінде Бейжің, Хэбэй, Цзилинь, Шаньдун және Ганьсу провинцияларын қамтиды.
Елдің басты қаржылық реттеушісі Орталық банктің аймақтық бөлімшелерін жаңа қайта қаржыландыру квотасын толық пайдалануға шақырды.
Сонымен қатар, банк қаржы институттарын су тасқынына қарсы күрес пен қалпына келтіру жұмыстарына қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ шаруашылық субъектілерінің қызметі мен өндірісін жедел қалпына келтіруге бағыттап отыр.
Жақында ғана Қытайдың Қаржы министрлігі мен Төтенше жағдайларды басқару министрлігі табиғи апаттардың салдарын жою үшін елдің жеті өңіріне 170 миллион юань (шамамен 23,8 миллион АҚШ доллары) көлемінде қаржы бөлген еді.
Бұған дейін Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық ауданында кенеттен таудан аққан тасқын салдарынан қаза тапқандар саны 10-ға адамға жеткені белгілі болды.
Сондай-ақ Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясында болған тау тасқыны салдарынан 15 адам опат болып, тағы 28 адам із-түзсіз жоғалған.