Қытай су тасқынынан зардап шеккен Шэньси провинциясына гуманитарлық көмек жіберді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай билігі су тасқынынан зардап шеккен Шэньси провинциясына 65 мың гуманитарлық жүк жөнелтті, деп хабарлайды Синьхуа .

Фото: Синьхуа

Қытайдың Төтенше жағдайларды басқару министрлігінің мәліметінше, гуманитарлық көмек елдің солтүстік-батысындағы Шэньси провинциясында су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсету үшін жіберілген.

Жүк құрамына шатырлар, жиналмалы кереуеттер, көрпелер және алғашқы қажеттілік заттарының жиынтықтары кіреді.

Бұл гуманитарлық көмекті Мемлекеттік табиғи апаттардың алдын алу, зардаптарын азайту және зардап шеккендерге көмек көрсету комитетінің кеңсесі, Төтенше жағдайларды басқару министрлігі және Мемлекеттік астық және материалдық резервтер басқармасы бірлесіп бөлді.

Жеткізілген материалдық ресурстар негізінен төтенше жағдайда көмек көрсетуге, тұрғындарды эвакуациялауға және уақытша орналастыру жұмыстарына пайдаланылады.

Соңғы күндері Шэньси провинциясында нөсер жауын толассыз жауды. Соның салдарынан 27 өзендегі 38 гидрологиялық бақылау бекетінде су деңгейінің ең жоғары көрсеткіші 46 рет тіркелген.

Еске салайық, бұған дейін Қытай «Ноул» тайфунына байланысты ең жоғары қауіп деңгейін жариялаған болатын. Табиғи апатқа байланысты 715 мыңнан астам адам эвакуацияланып, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 180 млн юань көлемінде қаржы бөлінген еді. Сондай-ақ нөсер жаңбыр салдарынан тағы 65 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген болатын.

Осыған дейін Қытай су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 180 млн юань бөлген болатын.