Қытай тасқыннан зардап шеккен провинцияға қосымша 100 млн юань бөлді
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл сома 25 маусымда бөлінген алғашқы 100 млн юаньға қосылып, жалпы көмек көлемі 200 млн юаньға жетті, деп жазады Синьхуа.
Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік даму және реформалар істері комитеті сенбі күні Қытайдың оңтүстік-батысындағы су тасқынынан зардап шеккен Гуйчжоу провинциясындағы төтенше жағдайдың салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстарына орталық бюджеттен қосымша 100 млн юань (шамамен 13,96 млн АҚШ доллары) бөлгенін хабарлады.
Бөлінген қаражат негізінен қатты зардап шеккен Жунцзян, Цунцзян және Саньду уездеріндегі инфрақұрылым мен қоғамдық қызмет нысандарын шұғыл қалпына келтіруге бағытталады. Бұл қарапайым тұрғындардың өмір сүруі мен өндірістік қызметтің қалыпты жағдайға тезірек оралуына көмектеспек.
Соңғы күндері тоқтаусыз жауған жаңбыр салдарынан Гуйчжоу провинциясында күшті су тасқындары болды. Әсіресе, Жунцзян уезінде қайталанған тасқындарға байланысты жергілікті билік сенбі күні 12:30-дан бастап елдегі төрт деңгейлі жүйе бойынша ең жоғары деңгейдегі шұғыл әрекет ету режимін қайта енгізуге мәжбүр болды.
Еске салсақ, сейсенбі күні сағат 14:30–дағы мәлімет бойынша Жунцзян және Цунцзян уездерінде тиісінше 48 900 және 32 000 адам уақытша эвакуацияланды.
Қытай билігі су тасқынынан зардап шеккен Гуйчжоу провинциясына 100 млн юань бөлгені белгілі болды.
Екі күн бұрын Гуйчжоу провинциясында тасжол көпірі құлап, жүк көлігінің жүргізушісі қираған көпірде ілулі тұрған көлік кабинасында қалып қойғанын хабарлаған едік.
Сонымен қатар Қытайдағы су тасқынынан алты адам қаза тапқаны белгілі болды.