Қытай теңіз суынан уран мен сирек минералдар өндіруді жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Табиғи ресурстар министрлігі теңіз суын пайдалану саласындағы елдің жаңа жетістіктері туралы баяндаманы жариялады, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі .

Фото: Pexels

Құжатта теңізде еріген стратегиялық минералдардың орасан зор қоры және оларды озық технологиялар арқылы өндіруді кеңейту жоспарлары да қамтылған.

Баяндамаға сәйкес, Қытай алғаш рет нақты теңіз жағдайында килограмммен өлшенетін көлемде уран өндіруге қол жеткізді.

Қытайлық ғылыми-зерттеу институттары, университеттер мен кәсіпорындар теңіз суынан литий, уран, дейтерий және басқа да сирек элементтерді бөліп алу саласындағы іргелі теориялар мен негізгі технологиялар бойынша да елеулі жетістіктерге жеткен.

Әлемдік мұхиттағы уран қоры шамамен 4,5 миллиард тоннаға бағаланады. Бұл құрлықтағы белгілі қорлардан мың еседен астам көп.

Тяньцзиньдегі Теңіз суын тұшыландыру және кешенді пайдалану институтының директоры Сянь Вэньсинің айтуынша, қазіргі уақытта Қытайда жалпы қуаты тәулігіне 3,077 миллион тонна болатын 167 тұшыландыру қондырғысы жұмыс істейді.

Сонымен қатар өнеркәсіптік салқындату үшін пайдаланылатын теңіз суының жылдық көлемі 193,36 миллиард тоннаға жеткен. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 86,4 пайызға жоғары.

2026–2030 жылдарға арналған 15-бесжылдық жоспар аясында Қытай тиісті технологиялар мен жабдықтарды әзірлеуді жалғастырып, теңіз суынан стратегиялық элементтерді өнеркәсіптік көлемде өндіруге қажетті технологиялық базаны қалыптастыруды көздеп отыр.

Айта кетейік, Қытайда 6G байланысына арналған чиптердің жаппай өндірісі іске қосылғанын жаздық.