Қытай, Түркия, Иордания, Араб елдері: еліміздің аргоөнеркәсібіне қай елдер қызығып отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелдік және трансұлттық ірі компанияларды елге тарту бойынша да белсенді жұмыс істеп жатыр. Оның нәтижесі туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы айтып берді.
— Бүгінде түркиялық «Alsera» компаниясы «Қазақстанда жылыжай кешенін салу» жобасы бойынша Шымкент қаласында қол қойылды. Кешен жылына 155 мың тонна қызанақ өндіреді, оның құны 650 млн АҚШ доллар. Сонымен қатар Араб елдерінің «QazaqArab Sugar» компаниясымен Алматы облысында «Қазақстанда қант зауытын салу» жобасы бойынша келісім жасалды. Зауыттың қуаттылығы 5 млн тонна қант қызылшасын өңдеп, жылына 500 мың тонна ақ қант өндіруді жоспарлап отыр. Жобаның құны 580 млн АҚШ доллары, — деді Ермек Кенжеханұлы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, вице-министрдің мәлімдеуінше, биыл 8 жоба бойынша инвестициялық келісімдерге қол қою мүмкіндігі пысықталып жатыр. Атап айтқанда:
— Қытайлық «Fufeng Group» және «Shengtai Biotech» компаниялары Жамбыл облысында «Жүгеріні терең өңдейтін тік интеграцияланған өнеркәсіптік парк салу» жобасы, қуаты жылына 1 млн тонна, құны 350 млн АҚШ доллары;
— Америкалық «PepsiCo» компаниясы Алматы облысында «Тұзды тіскебасарлар шығаратын зауыт құрылысы» жобасы, қуаттылығы 210 мың тонна, 70 мың тонна дайын өнім, құны 376 млн АҚШ доллары;
— Мажарлық «UBM Group» компаниясы Қарағанды облысында (жем), Алматы облысында (құрама жем), Алматы қаласында (премикс) 3 құрама жем зауыты мен 1 премикс зауытын салу жобасы, қуаттылығы 48 мың тонна премикс, 300 мың тонна құрама жем, жалпы құны 62 млн АҚШ доллары;
— Қытайлық «Dalian Hesheng Holdings Group» компаниясы Ақмола облысында «Дәнді дақылдарды терең өңдеу зауытын салу» жобасы, қуаттылығы 400 мың тонна, құны 650 млн АҚШ доллары;
— Түркиялық «Tiryaki Holding» компаниясы Астана қаласында «Дәнді және бұршақты дақылдарды терең өңдеуге арналған агроөнеркәсіптік кешен салу» жобасы, қуаттылығы 240 мың тонна, бұршақ өңдеу 80 мың тонн ақұны 320 млн АҚШ доллары;
— Дат компаниясы «Carlsberg Group» Алматы облысында «Алкогольсіз сусындар өндіру» жобасы, қуаты 370 млн литр, құны 300 млн АҚШ доллары;
— Польша компаниясы «Fabe Agro» Шымкент қаласында «Заманауи жылыжай кешенін салу» жобасы, қуаты 36 мың тонна қызанақ пен қияр, құны 120 млн АҚШ доллары;
— Иорданиялық «AL JAZEERA AGRICULTURE COMPANY» және «Айтас КЗ» ЖШС бірлесіп Алматы облысында «Құс етін өндіретін зауыт салу» жобасы, қуаты 35 млн жұмыртқа және 1000 тонна бройлер еті, құны 15 млн АҚШ доллары.
— Агроөнеркәсіп кешені саласына инвестиция тарту жұмысы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып одан әрі жалғасын табады, — деп қосты министрдің орынбасары.
Айта кетейік, биыл төрт айда агроөнеркәсіп кешеніне 213 млрд теңге инвестиция тартылды.
Бұған дейін биыл ел аумағында іске қосылатын агро-жобаларды тізіп шыққан едік.