– Қытай мен Қазақстан – жақын көршілер, жақсы достар және сенімді серіктестер. Биыл шілдеде Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференция аясында Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кездесті. Олар екіжақты қарым-қатынастардың барлық бағыты бойынша жан-жақты пікір алмасып, бірқатар жаңа маңызды уағдаластықтарға қол жеткізді, – деді Дин Сюэсян.
Оның айтуынша, бұдан көп ұзамай екі елдің басшылары Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне және БРИКС елдері көшбасшыларының кездесуіне бірге қатысты. Бұл жаһандық басқару жүйесін реформалау мен жетілдіруге жаңа серпін берді.
– Осы жылдың басынан бері Президент Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда саяси реформалар дәйекті түрде ілгерілеп келеді. Жаңа Конституция сәтті қабылданып, Құрылтай сайлауы өтіп, Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы да қарқын алып келеді. Біз мәңгілік стратегиялық серіктестер ретінде қазақстандық достарымыздың бұл жетістіктеріне шын жүректен қуаныштымыз, – деп атап өтті ол.
ҚХР вице-премьері екі ел басшыларының маңызды тапсырмаларын жан-жақты жүзеге асыру және халықтардың игілігі үшін практикалық ынтымақтастықта жаңа нәтижелерге қол жеткізу мақсатында Қазақстан тарапымен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық комитеті аясында қытайлық тараппен тығыз әрі жемісті өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады. Оның айтуынша, бұл тетік екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті ілгерілетудің негізгі құралдарының бірі саналады.
Келіссөздер барысында тараптар сауда, инвестиция, жасанды интеллект, мәдени-гуманитарлық жобалар және туризмді дамыту салаларындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Бұған дейін Қазақстан Бейжіңдегі ТХКБ жөніндегі ауқымды кездесуге қатысқаны хабарланған еді.