Қытай зейнетақыны мерзімінен бұрын шешу негіздерін кеңейтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда 1 қыркүйектен бастап жеке зейнетақы шоттарынан қаражатты мерзімінен бұрын алу негіздерінің тізімін кеңейтетін жаңа ережелер күшіне енеді, деп хабарлайды Синьхуа.
Адам ресурстары және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігі басқа төрт мемлекеттік органмен бірлесіп шығарған циркулярда жеке зейнетақы жинақтарын елеулі медициналық шығындар немесе ұзақ мерзімді жұмыссыздық жағдайында пайдалануға болатыны қарастырылған.
Азаматтар қаражатты өткен жылы өзінің, жұбайының немесе кәмелетке толмаған балаларының емделуге жұмсаған шығындары аймақтағы орташа жан басына шаққандағы табыстан асып кеткен жағдайда шешіп алуға құқылы.
Сондай-ақ өтініш беруші соңғы екі жыл ішінде кемінде 12 ай жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алған немесе қазіргі уақытта ең төменгі әлеуметтік төлемді алатын болса, ақшаны шешіп алуға рұқсат етіледі.
Бұрын жеке зейнетақы жинақтары тек заңда белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткенде, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігін толық жоғалтқанда немесе шетелге көшкен жағдайда ғана пайдаланылуы мүмкін болатын.
Еске сала кетсек, Қытайда жеке зейнетақы жинақтау жүйесі алғаш рет 2022 жылдың қарашасында таңдаулы қалаларда пилоттық режимде іске қосылды, ал 2024 жылдың соңына қарай ол бүкіл елде қолжетімді болды.
Бұған дейін Қытайда зейнетақы қалай жинақталатыны туралы жазған болатынбыз.