Қытай жаһандық мультимодальды көлік-логистикалық жүйе құруға ниетті
БЕЙЖІҢ. KAZINFORM – Қытай теңіз, құрлық және әуе жолдарын байланыстыратын жоғары сапалы жаһандық инфрақұрылым желісін салуды жалғастырады. Бұл туралы ҚХР 14-ші Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының 2-ші сессиясы аясында өткен баспасөз мәслихатында ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И мәлімдеді.
«Біз теңіз, құрлық және әуе жолдарын байланыстыратын жоғары сапалы, тұрақты және өміршең жаһандық инфрақұрылым желісін салуды жалғастырамыз», - деді Ван И.
Оның айтуынша, Қытай «Бір белдеу, бір жол» бастамасын әртүрлі тараптардың даму стратегияларымен біріктіруге, сондай-ақ ашық әлемдік экономиканы белсенді түрде құруға ниетті.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасы баршаға арналған мүмкіндікке айналуы үшін біз ашық жаһандық экономиканы белсенді түрде құратын боламыз», - деді ол.
Сондай-ақ ол Қытайдың «Белдеу және жол» аясындағы сапалы құрылыс әлемнің барлық елдерінің бірлескен дамуының драйвері болғанына және жаһандық жаңғырту үдерісіне қуатты серпін бергеніне мүдделі екенін атап өтті.
«Белдеу және жол» бастамасы Қытай 2013 жылы ұсынған екі жобаны біріктіреді – «Жібек жолы экономикалық белдеуі» және «21-ғасырдағы теңіз Жібек жолы».
Бейжіңде Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының жыл сайынғы сессиясы өтіп жатыр. Ол 11 наурызға дейін жалғасады.