Қытай, Жапония және ЕО: АҚШ 14 елге жаңа баж салығын енгізуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Қытай, Жапония, Үндістан және Еуропалық одақты қоса алғанда, 14 сауда серіктесіне қатысты жаңа кедендік баж салығын енгізуді ұсынды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі АҚШ-тың Сауда өкілдігі басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: worldtrademarkreview.com

АҚШ-тың Сауда өкілі Джеймисон Грир 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөліміне сәйкес жүргізілген тергеу қорытындысы бойынша 14 елдің өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістік қуат пен өнім көлемінің құрылымдық артықтығына байланысты әрекеттері, саясаты мен тәжірибесі негізсіз әрі АҚШ-тың саудасына кедергі келтіреді деген шешімге келген.

Сауда өкілі заңбұзушылықтарды жою үшін бірқатар шара қабылдауды, соның ішінде кедендік баж салығын енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Ұсынысқа сәйкес, Вьетнамнан келетін тауарларға 35%-ға дейін, ал Үндістан тауарларына қолданыстағы баж салығын шегергенде 25%-ға дейін тариф енгізу көзделген. Бұл — тізімдегі ең жоғары мөлшерлемелер.

Қытай мен Сингапур үшін 20%-ға дейін, Индонезия, Малайзия, Камбоджа, Бангладеш және Таиланд үшін 18%-ға дейін баж салығы ұсынылды.

Еуропалық одақ, Швейцария, Оңтүстік Корея, Тайвань және Жапониядан келетін тауарларға 15%-ға дейін тариф енгізу қарастырылған.

Сондай-ақ тізімге Мексика мен Норвегия да енуі мүмкін. Алайда оларға қатысты әзірше түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

АҚШ-тың Сауда өкілдігі басқармасы ұсынылған шаралар бойынша 2027 жылғы 25 қаңтарда қоғамдық тыңдау өткізеді. Одан кейін белгіленген жоспарға сәйкес жұмысты жалғастырады.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп Канада мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік одан әрі кеңейген жағдайда ЕО тауарларына жоғары баж салығын енгізуі немесе Еуропамен сауданы тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.