Қытай жас мамандарға арналған жаңа виза енгізеді

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM — 1 қазаннан бастап Қытайда ғылым мен технология саласындағы жас шетелдік мамандарға арналған жаңа K санатындағы виза күшіне енеді, деп хабарлайды ҚХР Мемлекеттік кеңесі

Жаңа виза халықаралық алмасу мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Оның иелері қолданыстағы 12 түрлі визамен салыстырғанда кеңірек жеңілдіктер жиынтығына ие болады. Оған рұқсат етілген кіру санының артуы, визаның ұзақ мерзімге берілуі және елде болу мерзімінің ұлғаюы кіреді.

K визасының иелері Қытай аумағында білім беру, мәдени және ғылыми-техникалық алмасу бағдарламаларына қатыса алады, сондай-ақ кәсіпкерлікпен және іскерлік қызметпен айналыса алады.

Белгіленген жас, білім және кәсіби талаптардан бөлек, бұл визаны рәсімдеу үшін қытайлық жұмыс берушіден немесе ұйымнан шақырту талап етілмейді. Бұл виза алу процесін айтарлықтай жеңілдетеді.

Жаңа виза санаты халықаралық байланыстарды кеңейту үшін визалық ережелерді кезең-кезеңімен жеңілдету аясында енгізілуде. 2025 жылғы шілденің соңындағы жағдай бойынша Қытай 75 мемлекетпен біржақты визасыз режим немесе өзара визадан босату туралы келісім орнатқан.

Бұған дейін Қытайдың 75 елдің азаматтарына визасыз режим енгізгені хабарланған болатын. 

Айта кетелік Қытайда чикунгуньяға арналған экспресс-тест әзірленген еді