ҚХР Жоғарғы халық соты төрағасының орынбасары Тао Кайюань баспасөз мәслихатында бұл құжаттың қабылдануы цифрлық дәуірде технологиялық инновацияларды ынталандыру мен заңдылықты, ұлттық қауіпсіздікті және азаматтардың жеке құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
Бес бөлім мен 24 баптан тұратын «Пікірлер» Қытайдың жоғарғы сот органы әзірлеген жасанды интеллект саласындағы сот процестерін қарауға арналған алғашқы арнайы ережелер жинағы болды.
Құжатқа сәйкес, адамның келісімінсіз виртуалды бейнесін жасауға, тұлғасын алмастыруға, дауысын өзгертуге және қайтыс болған адамдардың жеке деректерін пайдалануға тікелей тыйым салынады.
Автономды көліктер немесе жүргізушіге көмек көрсету жүйелері қатысқан жол-көлік оқиғалары кезінде, егер көліктің конструкциясында немесе өндірісінде ақау анықталса, жауапкершілік өндірушілер мен сатушыларға жүктеледі.
Соттарға дәлелдерді қолдан жасау үшін генеративті жасанды интеллектіні пайдалануға қатаң тосқауыл қою тапсырылды. Сондай-ақ автопилот қосулы кезде жүргізушінің назарын бақылау жүйелерін айналып өту немесе арнайы «бөгегіштерді» пайдалану жол-көлік оқиғасына әкелген жағдайда, сондай-ақ алаяқтық пен компьютерлік жүйелерге рұқсатсыз кіру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ пен Қытай қыркүйек айының ортасында жасанды интеллект қауіпсіздігіне арналған алғашқы ресми келіссөздерді өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлағанбыз. Тараптар озық жасанды интеллект модельдерін дамытуға байланысты тәуекелдерді талқыламақ.