Қытай Жер мен Ай арасында халықаралық спутниктік желі құрады

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай 2030 жылға дейін Жер мен Ай арасында халықаралық спутниктік желі құруды көздейтін Cislunar CubeSat Constellation ғылыми бағдарламасын іске қосты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Xinhua басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: ҚХР Пилотты ғарыш ұшуларын басқару бағдарламасы

Жоба аясында салмағы 30 келіге дейінгі 12U CubeSat форматындағы 30 шағын спутник орбитаға шығарылады. Олар ғарыштың ауа райын бақылап, гамма-сәулелердің жарқылын барынша дәл тіркеуге мүмкіндік береді.

Жоба халықаралық ынтымақтастыққа жол ашады. Қазірдің өзінде Таиланд, Сербия, Мысыр, Сенегал, Индонезия және өзге де елдердің ғылыми институттары жобаға атсалысып жатыр.

Ұйымдастырушылар мамандар даярлап, ғарышты зерттеу жобаларына халықаралық деңгейде атсалысуға мүмкіндік беретін бірыңғай интерфейс стандарттарын әзірлеуді көздейді.

Ай маңындағы кеңістік Жер орбитасынан бастау алып, планетамыздан шамамен 2 миллион шақырым қашықтыққа дейін созылып жатыр. Қытай бұл стратегиялық аймақты келешекте айға космонавттар ұшыру миссияларын жүзеге асыру және зерттеу станцияларын орналастыру үшін басты операциялық шеп ретінде қарастырады.

Бұған дейін Қытай Айдың Оңтүстік полюсін зерттеуге арналған зондты ұшыруға дайындап жатқаны хабарланған болатын.