Қытай жүргізушісіз көліктердің қауіпсіздігіне қатысты алғашқы міндетті стандарттарды бекітті

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай автономды басқару функциялары бар көліктерге арналған қауіпсіздіктің алғашқы міндетті ұлттық стандарттарын таныстырды. Жаңа талаптар автокөлік өндірушілерге қойылатын қауіпсіздік нормаларын күшейтеді, деп Kazinform агенттігінің тілшісі China Daily басылымына сілтеме жасап, хабарлады.

Фото: Sohu

Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі жариялаған жаңа ережелер 2027 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, L3 және L4 деңгейіндегі автопилот жүйесі бар көліктер кешенді қауіпсіздік жүйелері енгізілмейінше, жол қозғалысына жіберілмейді.

Енді автокөлік өндірушілер тәуекелдерді басқару жүйесін енгізіп, автономды функцияларды іске қоспас бұрын міндетті сынақтардан өткізуге тиіс. Оның ішінде виртуалды модельдеу, арнайы сынақ алаңдарындағы тексерулер және нақты жол жағдайындағы сынақтар қарастырылған.

Жаңа талаптар автопилот жүйесі мен жүргізуші арасындағы басқаруды қауіпсіз беру тетіктеріне де қатысты күшейтілді. Сонымен қатар автомобиль компаниялары көліктің автономдылық деңгейін, жүйенің жұмыс істеу шектеулерін және жүргізуші мен технология арасындағы жауапкершілік аймағын нұсқаулықтарда, ресми сайттарда және көлік ішіндегі ақпараттық дисплейлерде нақты көрсетуге міндеттеледі.

Айта кетейік, бұған дейін Астана, Алматы және Қосшыда жүргізушісіз жүретін көліктер сынақтан өтетінін жаздық.