Қытайда 17 жаңа кәсіп пайда болды
АСТАНА. KAZINFORM Қытай Халық Республикасында 17 жаңа мамандықтың ресми түрде пайда болғаны туралы ҚХР-дың Адам ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Жаңа мамандықтар тізіміне шекарааралық электрондық коммерция бойынша менеджер, дрондар тобымен ұшуды жоспарлаушы, электрондық схемалар әзірлеуші және басқа да қызметтер кіреді.
Министрлік сонымен қатар соңғы жылдардағы ең ауқымды жаңарту аясында 42 жаңа жіктелген жұмыс түрін жариялады. Олардың қатарында генеративті жасанды интеллект жүйелерін сынау, сондай-ақ интеллектуалды қойма операциялары мен техникалық қызмет көрсету сияқты жұмыстар бар.
Қытай билігі алғаш рет ресми жаңа мамандықтар тізімін 2018 жылы жариялаған болатын. 2019 жылдан 2024 жылға дейін 93 жаңа қызмет енгізілді.
Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің (үкімет) 2025 жылға арналған жұмыс есебінде биыл қалаларда 12 миллионнан астам жаңа жұмыс орнын құру міндеті қойылған. Зерттеулерге сәйкес, қалалардағы жұмыссыздық деңгейі шамамен 5,5% болуы тиіс.
Айта кетелік қытайлықтардың 70 пайызы салмақ тастағысы келетіні туралы жазған едік.