Қытайда 2024 жылы тұтыну бағалары қалай өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың желтоқсан айында Қытайдағы тұтыну бағалары (CPI индексі) жылдық көрсеткіш аясында 0,1%-ға өсті. Бұл туралы ҚХР Мемлекеттік статистика басқармасының (МСҚ) есебінде айтылған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Желтоқсанда Қытайда азық-түлік құны 0,5%-ға арзандаса, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 0,2%-ға, қызметтердің құны 0,5%-ға өсті.
Мәселен, былтыр желтоқсан айында Қытайда көкөніс (-2,4%), ет (-1,3%), жеміс (-1%), сондай-ақ темекі мен алкоголь (-0,3%) бағасының төмендеуі тіркелді.
Жалпы алғанда, тұтыну бағасы 2024 жылы 0,2 пайызға өсті.
Еске салайық, Қытай үкіметі тұтыну бағасының өсуі 2024 жылы шамамен 3% болады деп есептеген еді.
2025 жылдың наурыз айында Бейжіңде Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының (парламент) кезекті сессиясы өтеді, оның барысында ҚХР-дың 2025 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының бағдарлары нақтыланады..
Бұған дейін 2024 жылы Қытай Еуропаға 19 мың жүк пойызын жөнелткенін жазған едік.