Қытайда 450 млн юань көлеміндегі тұтынушылық ваучерлер таратылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда жазғы демалыс кезеңінде жалпы сомасы 450 млн юань болатын тұтынушылық ваучерлер беріледі, деп хабарлайды Синьхуа.

Фото: Синьхуа

Қытайда сәрсенбі күні жазғы демалыс кезеңінде мәдениет және туризм саласындағы тұтынуды ынталандыру науқаны басталды. Оның аясында жалпы сомасы 450 млн юаньға (шамамен 66 млн АҚШ доллары) тұтынушылық ваучерлер беріледі.

ҚХР Мәдениет және туризм министрлігі ұйымдастырған жалпыұлттық науқан өңірлерде жергілікті ерекшеліктерге негізделген мәдени-туристік іс-шараларды өткізуді жандандыруға, тиісті өнімдер мен қызметтердің сапасын арттыруға және халықты жазғы демалыс кезінде саяхаттауға ынталандыруға бағытталған.

Шілде айының басынан тамыз айының соңына дейін ел бойынша жазғы саяхаттарға, жағажай демалысына, түнгі туризмге, круиздер мен танымдық турларға арналған 30 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Қытайдың Мәдениет және туризм министрлігі басқа да құзырлы ведомстволармен бірлесіп, туристік анықтамалықтар шығарудан бастап жеңілдікті қаржылық саясатқа дейінгі бірқатар қолдау шараларын әзірледі.

Науқанның ашылу салтанаты сәрсенбі күні Қытайдың солтүстік-батысындағы Цинхай провинциясының Хайбэй-Тибет автономиялық округінде өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қытай Гуанси-Чжуан автономиялық ауданындағы табиғи апаттан зардап шеккендерге қосымша гуманитарлық көмек бөлді.