Қытайда 6G байланысына арналған чиптердің жаппай өндірісі іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай болашақтағы 6G байланыс желілерінің негізгі элементтерінің бірі саналатын галлий нитриді негізіндегі радиожиілікті чиптерді жаппай жеткізуді бастады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ .

Фото: Freepik

South China Morning Post басылымына сілтеме жасаған агенттік мәліметінше, Қытайда интеллектуалды терминалдар мен байланыс жүйелеріне арналған GaN-чиптердің ірі сериялы өндірісі жолға қойылды.

Хабарланғандай, China Electronics Technology Group Corporation және оның еншілес компаниясы Nanjing Guobo Electronics әзірлеген шамамен 5 миллион жартылай өткізгіш өнім шығарылған.

Мамандардың айтуынша, галлий нитриді негізіндегі компоненттер радиожиілік трактілеріндегі қуат күшейткіштерінде қолданылады. Олар жоғары энергия тиімділігін, кең жиілік диапазонын және тұрақты жұмысты қамтамасыз етеді. Бұл қасиеттер спутниктермен, әуе платформаларымен және жерүсті инфрақұрылымымен байланыс орнатуда аса маңызды.

Сондай-ақ өндірістің кремний негізіндегі төсемдерде ұйымдастырылғаны атап өтілді. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, өндірісті кең ауқымда дамытуға мүмкіндік береді.

Қытайлық әзірлеушілер материалды өсіруден бастап сынақтан өткізу мен сериялық өндіріске дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастырғанын мәлімдеді. Бұл болашақта тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, галлий технологиялық бәсекелестіктегі стратегиялық маңызды ресурсқа айналып келеді. Ал GaN-чиптер өндірісінің ұлғаюы Қытайдың спутниктік желілер мен болашақтағы 6G байланыс стандарттарын дамытудағы позициясын күшейтеді.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық және қытайлық ғалымдардың шегірткеге қарсы экологиялық таза биопрепаратты сәтті сынақтан өткізгені хабарланған болатын.