Сиань Цзяотун университетінің Бірінші клиникалық ауруханасында жасалған бұл операция әлемде осындай әдіспен орындалған үшінші операция болды. Жаңа тәсіл жүрек ауруының соңғы сатысындағы науқастарға кеуде қуысын ашпай емдеудің қауіпсіз жолын ұсынады.
Хирургтер қабырғалардың арасынан 8 сантиметрлік тілік жасап, робот манипуляторларына арналған тағы екі тесік ашқан. Осылайша төс сүйегін 20 сантиметрге дейін тіліп, көп қан жоғалтудың алдын алған. Сондай-ақ 3D-визуализация көмегімен роботты басқарып, зақымданған жүректі алып, орнына донорлық жүрек салған.
Бөлім меңгерушісі Янь Янның айтуынша, робот манипуляторлары адам қолына қарағанда дәлірек қимылдап, ауру тарихы күрделі науқастарда инфекция жұқтыру қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Трансплантологияда роботтарды қолдану әлемдік тәжірибеде әлі де эксперименттік деңгейде қалып отыр. Бұған дейін мұндай операциялар 2024 жылы Сауд Арабиясында, 2025 жылы АҚШ-та жасалған. Жаңа технология жасы ұлғайған немесе қосымша ауруларына байланысты операция жасауға келмейтін науқастарға хирургиялық ем алуға мүмкіндік береді.
— Науқастың жүрек қызметі толық қалпына келді. Біз оған күнделікті физикалық және кардио оңалту арқылы күшін біртіндеп қалпына келтіруге көмектесеміз. Науқас бір-екі айдан кейін қалыпты өмірге оралады, — деп атап өтті Сиань ауруханасының жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімі директорының орынбасары Ли Юнсинь.
Бұған дейін Қытайлық офтальмологтар 4200 км қашықтықтан ота жасағанын хабарлаған едік.