Қытайда алғаш рет роботтар футбол турниріне қатысты

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM — Бейжіңде роботтар арасындағы алғашқы жарыс өтті, деп хабарлайды Синьхуа.

Сенбі күні Бейжіңде Қытай тарихында алғаш рет роботтардың қатысуымен футбол турнирі ұйымдастырылды.

Фото: Синьхуа

Синьхуа ақпарат агенттігі жариялағар суреттерде алаңға жасыл және күлгін жейде киген роботтарды көруге болады. Дегенмен жарыстың қандай есеппен аяқталғаны хабарланбаған.

Бұл әлем жұртшылығын таңғалдырып отырған алғашқы роботтар емес. Бұған дейін Қытайдың Цзянсу провинциясындағы робот компаниясы өздері әзірлеген Сяотао есімді роботты Ханчжоу қаласындағы Manycore Tech Inc компаниясына «оқуға» жібергені белгілі болды. Қазір ол әуежайлар, пилотсыз дәріханалар, интеллектуалды сақтау орталықтары сценарийлеріндегі тапсырмаларды сәтті орындай бастады.

Бұдан бөлек Қытайда гуманоид роботтардың алғашқы жекпе-жегі өткен еді.  Жекпе-жекке қатысқан Unitree G1 компаниясының флагмандық адам тәрізді роботының биіктігі — 1,32 метр, салмағы — 35 келі. Ол жетілдірілген есептеу қуатымен және бірқалыпты қозғалысты басқарумен жабдықталған.

Сонымен қатар сәуірде Бейжіңде роботтардың марафоны ұйымдастырылғанын жазғанбыз.