Әуесқой футболшылар лигасы Қытайда туризмге серпін берді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың солтүстік-шығысындағы «Дунбэйчао» әуесқойлар футбол турнирі интернеттегі үлкен құбылысқа айналып, желідегі қаралымдар мен аталымдар саны 92,4 миллиардқа жетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Фото: Берик Табынбаев / Kazinform

11 қыркүйекте Шэньянда өткен алғашқы жартылай финалдық кездесуде жергілікті команда Чанчунь қаласының клубын 1:0 есебімен жеңді. Ойынды трибунадан 41 мыңнан астам көрермен тамашалады.

Турнирдің ерекшелігі — оған қатысатын 390 футболшының басым бөлігі кәсіби спортшылар емес. Алаңға студенттер, спорт әуесқойлары және түрлі салада еңбек ететін азаматтар шығады. Матчтарды барынша қолжетімді ету үшін ұйымдастырушылар билет бағасын 19,9 юань, яғни 3 долларға белгіледі.

Ресми емес түрде «Қытайдың солтүстік-шығысындағы Суперлига» деп аталып кеткен турнирді Ляонин, Цзилинь, Хэйлунцзян провинциялары мен Ішкі Моңғолия автономиялық ауданы бірлесіп ұйымдастырды. Оған Шэньян, Далянь, Чанчунь, Яньбянь, Харбин, Цзиси, Хух-Хото және Тунляо қалаларынан сегіз команда қатысады.

23 мамырда басталған жарыс ішкі туризмді дамытуға айтарлықтай серпін берді. Төрт өңір «Суперлигамен бірге солтүстік-шығысты арала» атты бірлескен бағдарламаны іске қосып, спорттық іс-шараларды мәдени бағдарламалармен, сауда және қоғамдық тамақтану салаларымен ұштастырды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, чемпионат өтіп жатқан кезеңде Ляонин провинциясына ғана 21 миллионнан астам турист барған. Тұтыну саласына тікелей қосымша әсер 1,38 миллиард юаньға (205,7 миллион доллар) бағаланып отыр. Ал сабақтас салаларға тигізген жиынтық экономикалық әсер 9,26 миллиард юаньға (1,38 миллиард доллар) жетті.

Бұған дейін Қытайда цифрлық актрисаның танымал болып келе жатқаны хабарланған.