Қытайда бензин бағасы өсіп, көлік сатылымы құлдырады

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда тамыз айында жеңіл автокөліктердің бөлшек саудадағы сатылымы жылдық есеппен 23,6% төмендеп, 1,541 млн бірлік болды. Бұл туралы Қытай автомобиль дилерлері қауымдастығының мәліметіне сүйенген Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Жыл басынан бері әлемдегі ең ірі автокөлік нарығында бөлшек саудадағы автокөлік сатылымы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 20,8%-ға азайып, 11,716 млн көлікке жетті.

Ең үлкен құлдырау іштен жану қозғалтқышы бар автокөліктер сегментінде тіркелді. Олардың сатылымы 45%-ға төмендеген. Бұған Ормуз бұғазындағы жағдайға байланысты Қытайда бензин бағасының бір тоннасына 1 720 юаньнан астамға, яғни шамамен 117 мың теңгеге қымбаттауы әсер еткен.

Ал тамыз айында автокөлік экспорты керісінше өсім көрсетті. Сыртқы нарыққа жөнелтілген көліктер саны 77,8%-ға артып, 888 мың бірлікке жетті. Оның ішінде жергілікті брендтердің экспорты 780 мың автокөлікті құраса, бірлескен кәсіпорындар мен премиум брендтердің көрсеткіші 108 мың бірлік болды.

Еске салайық, бұған дейін Қытайдың автомобиль экспорты екінші ай қатарынан 1 миллионнан асқанын жазған едік.

Қытай автомобиль өндірушілері қауымдастығы бас хатшысының орынбасары Чэнь Шихуа ішкі сұраныстың әлсіздігі кезінде экспорт өсімнің негізгі қозғаушы күшіне және Қытайдың автомобиль өнеркәсібін тұрақтандырудың негізгі факторына айналғанын атап өтті.