Қытайда болашақ қаласының тұжырымдамасы таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Сюнъань жаңа ауданында жерүсті, жерасты және цифрлық инфрақұрылымды біртұтас жүйеге біріктіретін «үш қала» тұжырымдамасы таныстырылды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі CGTN-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Kazinform

Қытайдың инновациялық жобасы Хэбэй провинциясында өткен Жаһандық басқару форумында таныстырылды.

Сюнъаньның жерасты инфрақұрылымының негізін ұзындығы 106 шақырым болатын инженерлік тоннельдер желісі құрайды. Өткен жылдың соңындағы жағдай бойынша бұл жүйе 1500 күннен астам уақыт бойы іркіліссіз жұмыс істеген.

Спутниктік сигнал жетпейтін жерастында бағдарлау үшін Сюнъаньда «Бэйдоу» спутниктік навигация жүйесі мен бесінші буындағы ұялы байланыс технологиясына негізделген ішкі орналасу жүйесі іске қосылған.

Жерасты желісі тұтастай алғанда қаланың «цифрлық егізі» ретінде жұмыс істейді. Ғимараттардың ақпараттық үлгілері мен датчиктер су қысымын, температураны, ылғалдылықты және газдардың шоғырлануын нақты уақыт режимінде бақылап, мәліметтерді бірыңғай басқару орталығына жіберіп отырады.

Болашақ қаланың жерасты тоннельдерін тексеру үшін қытайлық мамандар роботтандырылған көмекшілерді пайдаланады.

– Бұрын аудандардың біріндегі ұзындығы 11,75 шақырым жерасты учаскесін екі маман тексеруге 22 сағат істейтін. Қазір бұл жұмысты бес төрт аяқты робот үш-төрт сағатта орындайды, – деді инженер Вэй Цзыжэнь.

Бейжіңнен оңтүстік-батысқа қарай шамамен 100 шақырым жерде орналасқан Сюнъань ауданы Қытай билігінің бастамасымен салынып жатыр. Ол астананың жүктемесін азайтуға арналған, жоғары технологиялар қолданылатын әрі экологиялық талаптарға сай өңірлік орталық болмақ.

Бұған дейін Қытайда алғаш рет робот көмегімен жүрек трансплантациясы жасалған еді.