Хубэй провинциясының Цзинчжоу қаласындағы Орта халық соты Лун Сянды өмір бойына саяси құқықтарынан айыру және барлық жеке мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды.
Қаржы жымқыру, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және инсайдерлік сауда бойынша оған қосымша бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалды.
Сондай-ақ сот бұл қылмыстар үшін жалпы сомасы 2 млн юань ($296 мың) айыппұл салды.
2009-2025 жылдары Нанкиннің партиялық және бақылау органдарында жоғары лауазымдар атқарған Лун Сян коммерциялық құрылымдар мен жеке тұлғаларға келісімшарттар алуға және түрлі мәселелерін шешуге көмектескені үшін 261 млн юаньнан ($38,6 млн) астам ақша мен бағалы заттар алған.
Тергеу барысында шенеуніктің 2014-2016 жылдары Нанкин экономикалық-технологиялық даму аймағын қолдау қорынан 12 млн юань жымқырғаны анықталды.
Сонымен қатар ол тексеру кезінде заң бұзған адамдарды жауапкершіліктен қорғаған.
Лун Сян инсайдерлік ақпаратты пайдаланып, 10 млн юаньнан астам сомаға акциялармен операциялар жасаған.
Сот Лун Сянның кінәсін мойындағанын, қаржы жымқыру эпизодтары бойынша өз еркімен келгенін, тергеуге көмектескенін және заңсыз алған қаражатын толық қайтарғанын ескерді.
Осы мән-жайларға байланысты сот өлім жазасын орындауды екі жылға кейінге қалдырды.
Қытайдың құқықтық тәжірибесінде өлім жазасын орындауды кейінге қалдыру туралы үкім сотталған адам екі жылдық сынақ мерзімінде жаңа қылмыс жасамаған жағдайда, әдетте өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.
Кейін сотталған адамның тәртібі үлгілі болған жағдайда, жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін.
Бұған дейін Қытайда Шанхайдың бұрынғы шенеунігі сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін өлім жазасына кесілгені хабарланған болатын.