Қытайда «Долфин» тайфунына байланысты табиғи апат қаупі күшейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Чжэцзян провинциясының билігі «Долфин» тайфунының шығыс жағалауға жақындауына байланысты төтенше жағдайға ден қою деңгейін IV-тен III деңгейге дейін көтерді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі Xinhua агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Xinhua

Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы «сары» қауіп деңгейін жариялады. Орталықтың мәліметінше, тайфун батысқа қарай сағатына 15–20 шақырым жылдамдықпен жылжып келеді. Жұма күні таңертең оның эпицентрі Вэньлин қаласынан шығысқа қарай 763 шақырым жерде болған.

Синоптиктердің болжамынша, «Долфин» тайфуны жексенбі немесе дүйсенбі күні Қытайдың шығыс жағалауына жетеді. Өңірдің бас синоптигі Лоу Сяофэнь табиғи апат қаупінің жоғары екенін ескертті.

Тайфун қаупіне байланысты өңірде паром қатынасы толық тоқтатылды. Теңіздегі 193 нысандағы жұмыстар уақытша тоқтатылып, 474 құрылыс кемесі порттарға қайтарылды. Теңіз қызметтері 24 мың кемені тексеріп, 86 мың ескерту хабарламасын жолдап, құтқару буксирлерін жоғары дайындық режиміне көшірді.

Жергілікті билікке қауіпті аймақтардан тұрғындарды эвакуациялауды бастап, азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау үшін жағдайды үздіксіз бақылауда ұстау тапсырылды.

Бұған дейін Қытайда «Бави» тайфунының құрлыққа шыққаны хабарланған болатын.

Айта кетелік Қытай Марстан әкелінетін топырақты зерттейтін арнайы зертхана тұрғызатыны туралы жазған едік