Қытайда энергия жүйесіне түсетін жүктеме аптап ыстық салдарынан рекорд жаңартты
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың кең аумағын шарпыған аптап ыстық электр энергиясына деген сұраныстың бұрын-соңды болмаған өсуіне алып келді. Бірқатар аймақта ауа температурасы 40 градус Цельсийге дейін жетті, деп хабарлайды Reuters.
Биыл алғаш рет Қытайда тәуліктік энергия жүктемесі 1,5 млрд кВт-тан асты. ҚХР Ұлттық энергетика басқармасының мәліметінше, бұл шілде айындағы тұтынудың үшінші рекордтық көрсеткіші. Жаңа шектеу өткен жылғы көрсеткіштен 55 млн кВт-қа артық болды.
Қытайдың ұлттық метеоқызметі хабарлағандай, соңғы күндері елдің солтүстік-батыс және оңтүстік-батысындағы сегіз метеостанцияда субтропикалық антициклон әсерінен абсолютті температуралық рекордтар тіркелген. Жаз басталғалы бері ҚХР провинцияларында 36 рет аймақтық температуралық шектер бұзылған.
Экстремалды ауа райы жағдайлары энергия жүйесіне түсетін жүктеменің негізгі факторы болып отыр. Ыстық Чунциннен теңіз жағалауындағы Гуанчжоуға дейінгі аумақты қамтып, 200 миллионнан астам халқы бар өңірлерге әсер етті.
— Қазіргі таңда энергия жүйесі жүктемеге төтеп беріп отыр. Алайда нақты сынақ кезеңі әлі алда, электр қуатын шектеу қаупі сақталып тұр, — деді энергетика және климаттың өзгеруі жөніндегі Economist Intelligence Unit аға сарапшысы Чим Ли.
Аптап тек егінді күйдіріп, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің табысын азайтып қана қоймай, өнеркәсіп орталықтары мен порттардың жұмысын баяулатып, денсаулық сақтау жүйесіне де ауыртпалық түсіруі мүмкін.
Сонымен қатар, аптап ыстық тұтынушылық сұраныстың өсуіне де себеп болып отыр. Қытайлық интернет-гигант JD.com мәліметінше, шілде айында ауа баптағыштар мен қол желдеткіштерінің сатылымы өткен аймен салыстырғанда тиісінше 112% және 103%-ға артқан. Тамақтану орындарына да сұраныс өскен, себебі тұрғындар ыстықтан қорғану жолдарын іздеуде.
Айта кетелік Испанияда аптап ыстық соңғы екі айда 1180 адамның өмірін жалмады.