Қытайда ғарышты зерттеу жөніндегі халықаралық қауымдастық жұмыс істей бастады

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың шығысындағы Аньхой провинциясына қарасты Хэйфэй қаласында Ғарышты зерттеу жөніндегі халықаралық қауымдастық (IDSEA) жұмысын бастады, деп хабарлайды Синьхуа.

Бұл Қытай Халық Республикасындағы алыс ғарышты зерттеуге маманданған алғашқы халықаралық ғылыми ұйым. Қауымдастық төрағасы ретінде Қытайдың Ай бағдарламасының бас конструкторы әрі Қытай Инженерлік академиясының академигі У Вэйжэнь сайланды.

- IDSEA мекемесі Қытай үшін халықаралық дәрежеде тәжірибе алмасуға және ынтымақтастық үшін зор маңызға ие және ол әлемдік ғарыш қауымдастығының бірлескен инновацияларының символы іспеттес,-деді ол.

Азия-Тынық мұхиты ғарыштық ынтымақтастық ұйымының (APSCO) бас хатшысы Цзян Хуэй өз кезегінде қауымдастықтың құрылуы дамушы елдердің алыс ғарышты зерттеу ісіне қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашқанын атап өтті.

Ол сондай-ақ APSCO ұйымының IDSEA қауымдастығымен ірі халықаралық жобаларды жүзеге асыру мен әлеуетін арттыруға бағытталған өзара ынтымақтастықтың инновациялық үлгісін қалыптастыруды көздеп отырғанын жеткізді.

Қауымдастықтың құрылуы Хэфэй қаласындағы Алыс ғарышты зерттеу зертханасының, Қытайдың Ұлттық ғарыш басқармасына қарасты Ай және ғарыш бағдарламалары орталығының, Қытай астронавтика қоғамының, Қытай ғарыштық зерттеулер қоғамының, сондай-ақ Францияның Horizon 2061 бағдарламасының бірлескен күш-жігерінің нәтижесі. Бұл бастаманы Қытайдан 20 академик және шетелден 31 ғалым қолдады.

Осыған дейін Қытай билігінің жас жұбайларды бала сүюге ынталандыруға бағытталған ақшалай жәрдемақы жүйесін енгізуді көздеп отырғаны туралы жаздық.