Қытайда грантпен оқығысы келетін қазақстандықтарға жаңа талап қойылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың жоғары оқу орындарына бакалавриат бағдарламалары бойынша үкіметаралық грантпен түсуге ниетті шетелдік талапкерлер CSCA академиялық тестін тапсыруы тиіс. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мәлім етті.

Фото: «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ

— Қытай университеттерінің бакалавриат бағдарламаларына түсуге ниетті барлық шетелдік үміткерлер CSCA емтиханын (академиялық дайындық тесті) тапсыруға міндетті. Өтінім беру кезінде үміткерлер 2026 жылғы қараша немесе желтоқсан айында тапсырған емтихан нәтижелерін растайтын жарамды сертификат ұсынуы тиіс, — делінген хабарламада.

Емтихан 2026 жылғы 19–20 желтоқсанда өтеді. Оған тіркелу 25 қарашада басталып, 2 желтоқсанда аяқталады.

Емтихан тапсыратын пәндерді талапкерлер өздері таңдаған университеттен нақтылауы керек. Сондықтан емтихан күнін алдын ала таңдап, тіркелу мерзімін өткізіп алмау маңызды.

Айта кетейік, бұған дейін «Болашақ» тізімі тағы бір университетпен толыққан болатын.