Қытайда қандала шыққан қонақүйлерді көрсететін карта пайда болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда қонақүйлерден қандала табылғаны туралы ақпаратты көрсететін интерактивті карта іске қосылды. Алайда картадағы мәліметтердің дұрыстығына күмән келтірген қонақүй иелері наразылық білдірді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі SCMP басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Kazinform/ЖИ

21 қыркүйектен бастап Қытайдың WeChat мессенджеріндегі «Қандала картасы» шағын қосымшасын 200 мың адам пайдаланған. Олар ел аумағындағы 600-ден астам қонақүйді картаға белгілеген. Алайда бизнес өкілдері көрсетілген белгілердің көбі жалған екенін мәлімдеді.

Ван есімді қосымшаны әзірлеуші бұл жобаны жазда өзі қандала шағып, зардап шеккеннен кейін қолға алған.

— Қонақүйлердегі қандала туралы ақпарат әр жерде шашыраңқы, ал жобаның өзі әзірше мінсіз емес, — деді ол.

Қазан айында фотодәлелдерді міндетті түрде ұсыну талабы болмағандықтан, сервис екі рет бұғатталды. Осыдан кейін Ван қосымшаға зиянкестер туралы ақпараттық нұсқаулық енгізіп, екі көмекшінің қатысуымен фотосуреттерді тексеру жүйесін іске қосты.

Қазірдің өзінде төрт қонақүй шағым түсіріп, дезинсекция жүргізілгенін растайтын актілерді ұсынған. Атап айтқанда, Бейжіңдегі Guangzhou Mansion қонақүйі 24 бөлмені тәуелсіз тексеруден өткізгеннен кейін, картадағы белгіні алдыртып тастады. Тексеру барысында жәндіктер анықталмаған.

Jindu заң фирмасының өкілі Линь Фэйжань мұндай белгілердің бизнес беделіне нұқсан келтіру қаупі бар екенін айтты. Ол деректердің шынайылығына қатысты пайдаланушы келісімін енгізіп, ақпаратты тексеру жұмысына энтомолог мамандарды тартуды ұсынды.

Еске салайық, бұған дейін Қытай ғалымдары қанды қатерлі ісік жасушаларынан тазартатын құрылғы жасағанын хабарлаған едік.