Ал коммерциялық ғарыш саласындағы бос жұмыс орындарының жалпы саны 21,2 пайызға өсті.
Бейжіңдегі аэроғарыш компаниялары бірінің өкілі мәлім еткендей, биылғы жылдың алғашқы алты айында компания қызметкерлерінің қатары 100-ден астам маманмен толыққан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есе көп. Саланың тағы бір кәсіпорны шамамен 200 жаңа жұмыс орнын ашқан.
Қайта пайдаланылатын сұйық отынды қозғалтқыштарды әзірлеу саласында мамандар тапшылығы айқын байқалады. Мұндай қозғалтқыштар ғарышқа ұшыру құнын төмендетудің негізгі факторларының бірі саналады.
Бұл саладағы жетекші инженерлердің жылдық жалақысы 1 млн юаньға (шамамен 140 мың доллар) жетеді. Магистр дәрежесі бар мамандардың орташа жылдық табысы 320 мың юань, ал докторлық дәрежесі бар мамандардың табысы 420 мың юань шамасында.
— Кадрлар осы стратегиялық саланың дамуының негізгі факторы болып қала береді. Сондықтан мамандар үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарынан бастап зымырандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде бәсекелестік өте жоғары, — деді Бейхан университеті институтының директоры Шэнь Инчунь.
Кадр тарту жұмысына аймақтық билік органдары да қосылды. Цзянсу провинциясындағы Уси қаласында аэроғарыш саласында жұмыс істейтін 325 кәсіпорын бар. Мұнда мамандарға бастапқы гранттар, субсидиялар және қызметтік баспана ұсынылады. Осындай бағдарламалар Бейжің, Шанхай қалаларында, сондай-ақ Гуандун, Хайнань және Сычуань провинцияларында іске қосылған.
Қазір Қытайда 600-ден астам коммерциялық аэроғарыш компаниясы бар. Бейжің мен Шанхайдан бөлек, Чэнду, Сиань, Шэньчжэнь, Чанша, Хэфэй және басқа да қалалардағы кәсіпорындар өздерінің білікті мамандар командаларын қалыптастырып жатыр.
Бұған дейін Қытай стратегиялық зымыранды суасты қайығынан сынақтан өткізгені хабарланған болатын.