Бағдагүл Оралтайқызының айтуынша, қолөнер — ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, тамырын тереңге жайған асыл мұра.
Осы қазынаны қастерлеу — әр қыз-келіншектің борышы.
«Шебердің қолы ортақ» демекші,Бағдагүл Орынбайқызы білгенін өзгелерге үйретуден жалыққан емес.
Кәсібін шағын ғана кесте шеберханасынан бастаған ол бүгінде үлкен компанияны басқарып отыр.
«2012 жылы „Дана“ сыртқы серіктестігі құрылды. Мұнда түрлі ұлттық бұйымдар жасалады. Бізден шыққан авторлық өнімдер шет елде жоғары сұранысқа ие. Жасаған дүниемізді Азия мен Еуропа елдеріне экспорттаймыз. Компанияда қолөнерге қызығушылық танытқан жандарға арналған қысқа мерзімді оқу курсы бар. Онда жасқа шектеу жоқ. Үйренем деушілерге есік ашық. Мұнда әр сала бойынша 36 оқытушы бар. 2016 жылдан бері 7 мыңға жуық қыз-келіншек текемет басып, кілем тоқу, сырмақ сырып, құрақ құрауды үйренді», -дейді шебер.
Серіктестік цехы кішкентай кәдесыйдан бастап қыз жасауына дейін дайындайды.
«Бізде 180 адам жұмыс істейді. Бәрі — өз ісінің шебері. Көбіне қолмен жасаймыз. Әрине, арнайы тігін машинасында қолданамыз. Ең бастысы сапалы, табиғи өнімді пайдаланамыз. Әр бұйым мен киімдегі өрнек пен түсті қайталамауға тырысамыз», -деп атап өтті Бағдагүл Оралтайқызы.
Шебердің сөзінше, қазір тұрмысқа қажетті барлық заттың құрамы синтетикалық талшықтан тұрады. Оның адам денсаулығына зияны болмаса, пайдасы жоқ.
Ал жүннен жасалған бұйымдар — ертеден қолданыста бар нағыз табиғи өнім.
«Жүннен жасалған тұрмыстық зат жылы, төзімді келеді. Мысалы, текемет шаңды бетіне емес, астына жинайды. Денсаулыққа еш зияны жоқ. Үстіне жатқан адамға шаң жұқпайды. Бір сөзбен айтқанда, бізде ұлттық бұйымға қызығушылық та, сұраныс та жоғары», -деп түйіндеді он саусағынан өнер тамған алтайлық қолөнерші.