Қытайда керқұлан саны 900-ден асты
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда керқұлан саны 900-ден асты, бұл туралы керқұланның тарихи отанына оралуының 40 жылдығына орай Үрімжіде өткен салтанатты жиналыста мәлім етілді, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.
Агенттіктің жазуынша, Қазіргі күнде дүниежүзіндегі керқұланның жалпы санының үштен бір бөлігі Қытайға тиеселі. Халықаралық қауымдастық Қытайдың керқұлан популяциясын қалпына келтіру тәжірибесін сирек түрлерді қайта жерсіндірудің табысты үлгісі ретінде бағалайды. Бүгінде Қытайдың Шыңжаң, Ганьсу, Нинся, Ішкі Моңғолия сияқты өңірлерінде керқұландарды табиғатқа қайтару және тағыландыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
- Эволюциялық тарихы 60 млн жылдан кем емес Прежевальский жылқысы – жабайы жылқының бүгінде жер бетінде сақталып қалған жалғыз тұқымы, оның тарихи отаны – еліміздің Шыңжаң өңіріндегі Жоңғар ойпаты мен Моңғолияның құрғақ шөлейт даласы. Керқұлан – Қытайда I санатта қорғалатын және әлем бойынша жойылу қаупі төніп тұрған жабайы жануарлар қатарына жатады,-деп жазады Синьхуа.
Қытай 1970 жылдары керқұланның жеке түр ретінде табиғаттан мүлде жойылғанын жариялайды. Сирек түрдің тұқымын сақтап қалу мақсатында, Қытай үкіметі 1985 жылы «Прежевальский жылқысын тарихи отанына қайтару» жобасын қолға алды. Шетелден әкелінген керқұландарды жерсіндіру үшін Шыңжаң мен Ганьсу аумағынан тұяқтыларды көбейту орталықтары құрылды. Жоңғар ойпатының Қарамайлы жотасындағы тұяқтылар қорығы айрықша географиялық және экологиялық ерекшеліктерімен көзге түсіп, керқұланның Қытайдағы басты мекеніне айналды. Қорықта тұяқтыларды қорғаудың ғылыми стратегиясы енгізіліп, мамандандырылған мониторинг жүйесі қалыптастырылды, табиғат экологиясы жақсартылып, табиғатқа қайтару мен тағыландыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Соның арқасында керқұлан саны біртіндеп көбейді.
Қытайлық мамандардың айтуынша, Шыңжаңда керқұланды қайта жерсіндірудің қорада өсіру, жартылай еркін жіберу және табиғатқа жұмсақ тәсілмен қайтару сияқты үш кезеңнен тұратын жүйелі әдісі қалыптасқан. Шыңжаң жабайы жылқы тұқымын көбейту-зерттеу орталығы бүгінге дейін 800-ден астам керқұлан өсіріп, оның 146 басын қайта тағыландырды.
Агенттіктің жазуынша, соңғы жылдары Қытай керқұланның тіршілік аймағын кеңейтуді жеделдете түскен. Мысалы, Қарамайлы қорығынан Моңғолияға, сондай-ақ елдің Ганьсу, Нинся және Ішкі Моңғолия аймақтарына керқұланның 41 дарабасы жіберілген.
Бұған дейін Қытайдың керқұланды Хэланьшань тауының қапталына қайта жерсіндіру жобасын қолға алғаны туралы жазған едік.