Қытайда киік бар ма
АСТАНА. KAZINFORM – 17 маусым күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1,5 мың ақбөкен беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Ақорда таратқан мәліметке сәйкес, Қытайдың батыс бөлігінде жерсіндірілетін ақбөкендер көрші елдегі осы жануардың популяциясын қалпына келтіруге септігін тигізбек.
Ізінше Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті аталған мәселе бойынша мәлімдеме жасады. Онда Қытайдың батыс бөлігінің бұрын киіктердің мекен ету ортасына кіргені, алайда, XIX ғасырдың екінші жартысында адамдардың қарқынды қоныстануына байланысты ақбөкендердің саны айтарлықтай азайғаны атап көрсетілген.
Айтса айтқандай, тарихта ақбөкендер Қытайдың Солтүстік Ганьсу, Жоңғар ойпаты, Бәйтік таулары, Баянбұлақ тауларының батыс қапталы, Іле аңғары, т.б. өңірлерінде мыңғырып өскен. Орыс саяхатшысы Н. М. Прежевальский 1879-1888 жылдары Орталық Азияға жасаған экспедициялары кезінде Жоңғар даласынан ақбөкендердің үлкен тобын кездестірген. Қытайлық ғалымдардың болжауынша, XIX ғасырдың орта шеніне дейін Қазақстанның орталық өңірінен жыл сайын сансыз киік Жоңғар ойпатын қыстап қайтады екен. Алайда, ақбөкендердің саны Қытайда соңғы екі ғасырда күрт азаяды. 1928 жылы Чжэцзян провинциясында жарық көрген «Жалған дәрілер анықтамалығының толықтырылған және түзетілген басылымы» деген еңбекте ақбөкендердің Қытайда тек Шонжы аумағында ғана кездесетіні айтылады.
Шонжы – Жоңғар алқабының оңтүстік-шығыс жиегіне орналасқан, Моңғолия жерімен шектес. Ал «Шынжаңдағы бағалы жануарлар атласына» сенсек, өткен ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдары Шонжымен шектес Мори (қазіргі күнде қазақ автономиялық ауданы) жерінде ақбөкенді қолға үйретудің тәжрибесі болған. Жергілікті тұрғындардың бірі жиырмашақты киікті кәдімгідей қолға үйретіп, қорада баққан.
Белгілі ғалым У Шаолинь 1933 жылы Нанкинде жарық көрген «Шынжаң туралы жалпы шолу» атты кітабында «ақбөкеннің мүйізі дәрілік зат ретінде пайдаланылады, өкінішке қарай, ақбөкен өте сиреп кетті» деп жазады. Осы деректен киік популяциясының Батыс Қытайда айтылған кезеңге дейін-ақ жойыла бастағанын білеміз.
Анығында, соңғы екі ғасырда ақбөкендердің Батыс Қытайдағы ауыр тағдырына оның мүйізінің дәстүрлі медицинада шипалы дәрілік зат ретінде аталуы себеп болған еді. Бөкен мүйізінің емдік қасиеті жайлы деректер Қытайда өте ескі заманнан белгілі. Дегенмен, ерте кезде мүйізі дәрі ретінде көбінесе қуыс мүйізділер тұқымдасына жататын жануар, Солтүстік Қытайдан Тибет жотасына дейінгі кең алқапты мекен еткен горал аталған. Бірақ Қытайда горал санының азаюына, әсіресе Цин әулеті жоңғарларды талқандап, Орталық Азиямен сауда қайта жандануына байланысты, ақбөкен мүйізі қытайлықтарға кең танылып, дәстүрлі горал мүйізінің орнын басады.
1757 жылы басылып шыққан «Дәрілік заттардың жаңа жинағында» «бөкеннің мүйізі ашық түсті және үшкіл, қараймағаны жақсы бағаланады» делінеді. Қытайлық ғалымдар осы деректе ақбөкенмен байланыстырады. Қытайда ақбөкен мүйізіне сұраныс осы кезеңнен кейін күрт өседі. Қытайлық нарықтағы киік мүйізіне сұраныстың қауырт өсуі Кяхта, Уаластай арқылы өтетін мүйіз саудасына жан бітіреді. Ресейлік баспагер Илья Ефрон (1847-1917) ұсынған дерекке сәйкес, 1852 жылдан 1882 жылға дейін тек Кяхта арқылы 3 млн. жұп киік мүйізі Қытайға жөнелтіледі.
Тарихи деректер XX ғасырдың 30 жылдарында тек Шығыс Түркістан аймағында жыл сайын 50 мың жұп ақбөкен мүйізі саудаға салынатынын көрсетеді. Батыс Қытайда ақбөкен санының азаюына киелі жануардың мүйізі үшін шектен тыс аулануы басты себептің бірі болғанын айдан анық. Әсіресе 1960 жылдардан кейін шекаралық күзет күшейіп, дәстүрлі көш жолының бөгелуіне, Батыс Қытайда, соның ішінде Жоңғар алқабында ақбөкендердің мекен ету аймағының тарылуына байланысты өлкеде киік популяциясы біржола жойылып кетеді.
Ақбөкен – Қытайда I санатта қорғалатын жабайы жануарлар тізімінде, Қытайдағы жойылып кету қаупі өте жоғары және «Он төртінші бесжылдық жоспар» аясында шұғыл құтқарылатын 48 жабайы жануардың бірі. Қытай үкіметі ақбөкен популяциясын қалпына келтіру жұмыстарын 1987 жылы қолға алды. Сол жылы Қытай АҚШ-тағы Сан-Диего және Германиядағы Берлин хайуанаттар бағынан ақбөкендер енгізіп, Ганьсу провинциясының Увэй қаласындағы сирек жануарларды көбейту орталығында қайта жерсіндіре бастады. Аталған орталық – Қытайда ақбөкен популяциясын қолда бағу, көбейту, қорғау және зерттеу жұмыстарымен айналысатын жалғыз ғылыми мекеме. Қытайдың Орман шаруашылығы және жайылым жөніндегі ұлттық басқармасы ұсынған дерекке сәйкес, 2024 жылы тамыз айында аталған орталықтағы ақбөкендер саны 2021 жылдағымен салыстырғанда үш есеге өсіп, 75 басқа жеткен. Қытай ғылым академиясына қарасты kepu.net.cn сайтындағы дерек бойынша, Қытайда ақбөкен санының жылдық өсімі не бәрі 3% ғана екен, бұның себебін Қытай Ғылым академиясы Зоология институтының ғылыми қызметкері Цзян Чжиган Ганьсу аумағының ақбөкендер үшін аса қолайлы тіршілік аймағы саналмайтынымен түсіндіреді.
Оның айтуынша, Қытайда киіктерді қайта жерсіндіруге ең ыңғайлы аймақ – Жоңғар ойпатындағы табиғат қорықтары.
Қазіргі күнде Жоңғар ойпатында бес қорық бар, соның бірі және ең белгілісі – Қарамайлы тұяқтылар қорығы. Қорықтағы керқұлан, шікін құлан, қарақұйрық және арқар секілді тұяқты жануарлар айрықша қорғауға алынған.