Қытайда қызуға өте төзімді микробатареяның жаңа буыны әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай ғалымдары 150 градус Цельсийге дейінгі температурада тұрақты жұмыс істей алатын керамика негізіндегі шағын литий-ионды батарея жасады, деп хабарлайды South China Morning Post.

Фото: Xinhua

Цинхуа университеті бастаған зерттеу тобы толығымен керамикалық батареяның ықшам өлшемі, жоғары энергия тығыздығы және абсолютті қауіпсіздігі оны келесі буын технологияларына біріктіруді жеңілдететінін атап өтті.

Жануға бейім дәстүрлі литий-ионды батареялардан айырмашылығы қайта зарядталатын қатты денелі батарея қатты қызуға өте төзімді. Ол техникалық сипаттамаларын нашарлатпастан 300 градус Цельсийге дейінгі қысқа мерзімді термиялық соққыларға төтеп бере алады.

Әзірлеушілердің айтуынша, дәстүрлі литий-ионды батареялар енді заманауи қауіпсіздік және термиялық тұрақтылық стандарттарына сәйкес келмейді. Олардың негізгі кемшілігі жоғары жанғыштық болып қала береді. Қатты қызған немесе зақымдалған кездесұйық электролиттер оңай тұтануы немесе жарылуы мүмкін.

Жоба авторларының атап өтуінше, олардың инновациясы толығымен қатты денедегі қуат көздерін коммерцияландыруды жеделдету үшін айтарлықтай әлеуетке ие және шағын, тасымалданатын және интеграцияланған микроэлектроникада қолдану үшін үлкен мүмкіндіктер ашады.

Осыған дейін Қытай кәдімгі смартфон арқылы алғашқы спутниктік қоңырау жасағаны хабарланды.