Қытайда көпір құлап, жүргізуші жүк көлігінде ілініп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Гуйчжоу провинциясында тасжол көпірі құлап, жүк көлігінің жүргізушісі қираған көпірде ілулі тұрған көлік кабинасында қалып қойды.
Қытайдың «Лұджун Ченбао» басылымының хабарлауынша, 2025 жылғы 24 маусымда сағат 07:40 шамасында Гуйчжоу провинциясының Саньду ауданындағы G76 тасжолының Хоучжыхэ көпірінің кіреберіс бөлігі құлады. Оның құлауына үздіксіз жауған қатты жаңбырдан туындаған тау жыныстарының сырғуы себеп болған. Оқиға кезінде көпірде бір қызыл жүк көлігі болды, оның алдыңғы бөлігі ауада ілулі тұрып, жүргізуші кабинада қалып қойды.
Қытайдың «Лұджун Ченбао» басылымы мен Гуйчжоу провинциясының көлік басқармасының мәліметтері бойынша, өрт сөндірушілер жүргізушіні аман-есен құтқарған, оқиға орнында қаза болғандар немесе жарақат алғандар жоқ.
Көпір астында жақын маңдағы ауылдарға тиесілі құрылыс жұмыстарына арналған үш көлік болғаны анықталды, бірақ дронмен тексеру нәтижесінде көліктердің ішінде ешкім болмағаны расталды.
Оқиғадан бұрын, 24 маусымда сағат 05:51–де көлік басқармасы қызметкерлері көпірдің деформациясын байқап, жолдың жоғары бағытын дереу жауып тастады. Сағат 07:11–де жолдың екі бағытына да уақытша шектеу енгізілді. Төтенше жағдайлар, полиция және көлік басқармасының қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, құтқару жұмыстарын үйлестіріп, айналма жолдарды ұйымдастырып жатыр. Көпірдің құлау себебі қазір тергеліп жатыр.
Бұдан бұрын Үндістанның Махараштра штатының Пуна қаласында көпір опырылып, төрт турист қаза тапты.