Қытайда литий кенінің ірі қоры табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Хунань провинциясында Қытайдағы ең ірі литий кен орындарының бірі анықталды. Бұл туралы Kazinform агенттігі өңірдің Жер ресурстары департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Хунань провинциясындағы Линьу уезінің Цзицзяошань тау массивінде жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде көлемі 490 миллион тонна болатын литий кені анықталды. Бұл кендегі литий тотығының көлемі 1,31 миллион тонна деп бағаланып отыр.
Аталған кен орны рубидий, вольфрам және қалайы сынды стратегиялық маңызды ілеспе элементтерге де бай. Барлық анықталған ресурстар бұрын мемлекеттік қор есебіне енгізілмеген.
Жоба жетекшісі Чэнь Чжицянның айтуынша, бұл жолы таулы аймақта ауыр бұрғылау жабдықтарын ауыр салмақты ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жеткізу технологиясы алғаш рет қолданылып, жұмыстың тиімділігі айтарлықтай артқан.
Хунань провинциясы Минералдық ресурстар институтының профессоры Сюй Иминнің айтуынша, бұл литий кен орнының ашылуы Чэньчжоу қалалық округінде жаңа энергия көздеріне арналған өндірістік база құру үшін мықты ресурстық негіз қалайды.
Қазіргі таңда литий — электромобильдер, смартфондар, ноутбуктер және басқа да құрылғыларда қолданылатын литий-ионды аккумуляторларды өндіруде негізгі металдардың бірі саналады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қытайдың расталған литий қоры жаһандық көлемнің 16,5%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Қытай әлемде екінші орында тұр.
Бұған дейін сарапшылар мен трейдерлер литий бағасы екі жылдық күрт төмендеуден кейін тұрақтана бастайды деп болжаған болатын.
Айта кетелік Қытай әскери техникасын экспорттауға ниетті екенін білдірді.